Елорда іргесіндегі Бозайғыр ауылындағы мектепте жылу жоқ. Оқушылар сынып ішінде сырт киіммен отыруға мәжбүр. Директордың айтуынша, пеш жағатын адам жоқ. Мәселенің қашан шешілетінін ешкім білмейді. Ал ата-аналар балаларының денсаулығына алаңдайды. Тілшіміз Динара Жарқынбектің бейнематериалы.
Бас қаладан небәрі 30 шақырым жерде орналасқан Бозайғыр ауылында тек бір ғана мектеп бар. Мұнда 700-ден астам бала оқиды.
Динара ЖАРҚЫНБЕК, ТІЛШІ:
Оқушылар сыныпта сырт киіммен отыр. Сол себепті дәріс уақыты 30 мин қысқарған. Суықтың салдарынан балалар жиі ауырып жатыр дейді ата-аналар.
Аягөз СЕРІКОВА, БОЗАЙҒЫР АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:
Мұғалімдер таңертең әр күні жазады, балаларды қалың киіндіріңдер. Өйткені мектепте суық.
Дмитрий ГОНЧАРЕНКО, БОЗАЙҒЫР АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:
Қыркүйек айы аяқталды. Қазан айы басталды. Әлі күнге мәселе шешімін таппады. Пеш жағушы маманды таба алмай жатыр. Толық режимде жылу жүргізілмеген.
Виктория БИЛОН, БОЗАЙҒЫР АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:
Балалар жиі тұмауратып жатыр. Қалай боларын білмейміз енді?
Мектеп басшылығының айтуынша, пеш те, көмір де бар, бірақ от жағатын адам жоқ. Ауыл тұрғындарының ешқайсысы бұл жұмысты істегісі келмейді дейді. 80 мың айлықты азсынатын көрінеді.
Қайрат АРДАГЕРҰЛЫ, МЕКТЕП ДИРЕКТОРЫ:
Негізгі мәселе сол жалақыға келіп тіреледі. Қазіргі таңда олар 80 мың төлейміз деп тұр қолға алатыны. Сонда да адам табылмай жатыр. Орта жастағы кісілер бар. Егер жалақыны көтерсе, қаланың деңгейіндегідей. Онда біз келеміз деп тұр.
Ал, мектепті жылумен қамтамасыз ететін мекеме жалақыны көтере алмаймыз дейді. Адам табылғанша, компания инженерлері арасында өздері келіп, пеш жағып жүр.
Асқарбек ҒУСЕЙІНОВ, ЖЫЛУ ТАРАТУ КОМПАНИЯСЫНЫҢ БАС ИНЖЕНЕРІ:
Кадров не хватает. Астана жақын мына жерге өздеріңіз білесіздер. 15 минуттық жер. Өзіміз келіп жағып жатырмыз отты. Как можем. Людей зовем, приходят люди. Не хотят работать.
Ешкім жұмысқа келмесе, амал жоқ, жағдай осылай жалғаса береді дейді. Ал ата-аналар оқу онлайнға ауысса қалай болады деп уайымдап отыр. Өйткені, ауылда интернет нашар. Бұл өз алдына үлкен проблема дейді.
Д. Жарқынбек