Спорт Қазақстан
$445.66 €474.58 ₽4.78
×

Елорда әкімдігі тұрғындарға қолжетімді үйірме ашты

AstanaTV
15.10.2021ж. 20:00
1425
Елорда әкімдігі тұрғындарға қолжетімді үйірме ашты

Елордада спорттың қолжетімділігін арттыру үшін  жаңа жоба іске қосылды. 84 нұсқаушы қаланың сегіз жерінде спорттың 11 түрінен тегін сабақ өткізеді. "Қатысам деушілердің жасы мен санына  шектеу жоқ",-  дейді ұйымдастырушылар. Жобаның мақсаты - бас қала тұрғындарын  салауатты өмір салтына дағдыландыру.

Нұрбағила Дауітбаева скандинавиялық серуендеуге машықтану үшін  ақысыз спорттық сабаққа қатысып жүр. Жасы- 70-те,   белсенді түрде салауатты  өмір салтын ұстанады. "Үйде  өзім гимнастика жасаймын, туыстарым мен таныстарымды да соған тартуға тырысамын" дейді ол.

Нұрбағила ДАУІТБАЕВА, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ:

Қазір көп адамның балаларын үйірмелерге апаруға мүмкіндігі  келмейді.  Бағалары қымбат. Ал мұнда барлық жағдай жасалған, кез келген адам келіп жаттықса болады.

Еділ АЙТБАЕВ, НҰР-СҰЛТАН ҚАЛАСЫ "СПОРТТЫҚ-БҰҚАРАЛЫҚ ІС-ШАРАЛАРДЫ ӨТКІЗУ ДИРЕКЦИЯ" БӨЛІМІНІҢ БАСШЫСЫ:

Мемлекет басшысы айтқандай, басты мақсат - бұқаралық спортты дамыту.  «Қолжетімді спорт» жыл бойы өтеді. Қыста қысқы көріністерге, шаңғылар мен конькилерге ауысады.

Елордада тегін сабақтар сейсенбі, бейсенбі және сенбі күндері кешкі 5-тен 7-ге дейін болады. Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұнда келген әрбір адам өз қызығушылығын табады.  Кәсіби мамандар  каратэ, скандинавиялық жаяу жүру, стритбол және бадминтоннан сабақ береді. Ұлттық ойын түрі- асық  ойнауға да  болады.

Диана КЕҢЕС, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ:

Каратэден үйрететін тренерім  өте керемет түсіндіреді асықпай анық көрсетеді. Спорт басқармасы мен әкімшілікке өз алғысымды айтамын. Себебі өте керемет нәрсе болып келеді.

Замира МУРЖИКОВА, ФИТНЕС КЛУБ ДИРЕКТОРЫ:

Бізде бәріне мүмкіндік бірдей, қол жетімді. Кәсіби жаттықтырушымен жұмыс істеу тұрғындарға берілген керемет мүмкіндік деп білемін.

Жоба мемлекет басшысының Қазақстан халқына Жолдауында қойылған міндеттерді іске асыру аясында  қолға алынған.  Бағдарламада бұқаралық және балалар спортын дамытуға ерекше басымдық берілген.
 
Ә. Дүкембаева