$498.34 €519.72 ₽4.85
×

Үйі өртеніп кеткен оралдық алты отбасы паналайтын жер таппай, көлікте түнеп жүр

AstanaTV
18.10.2021ж. 20:00
1931
Үйі өртеніп кеткен оралдық алты отбасы паналайтын жер таппай, көлікте түнеп жүр

Баспанасы бір түнде өртеніп кеткен оралдық алты отбасы көлікке қонуға мәжбүр. Өйткені олардың басқа бас тіреп, паналайтын жері жоқ. Бір түнде үйінен айрылған мұңлықтарға жаны ашыған оралдықтар жылу жинауға кіріскен. Бірақ күлге айналған ағаш үйді аз уақыттың ішінде қайта қалпына келтіру мүмкін емес. Тілшіміз жалғастырады.

Тұрғындардың айтуынша, өрт кешкі сағат жетіде шыққан. Қызыл жалыннан үрейі ұшқан олар дереу құжаттары мен құнды заттарын алып, бас сауғалапты. Осы қарбаласта аулада байлаулы тұрған ит ұмыт қалған. Үйшігін жалын шарпыған мына төбет түндегі дүрбелеңнен кейін әлсіреп қалыпты. Ал тұрғындар өздерінің аман қалғанына шүкірлік айтып отыр.

Еркін КАРИН, ТІЛШІ:

Ағаштан қиып салынған алты пәтерлік үй санаулы минутта отқа оранған. Тұрғындар қазір үйіне кіруге де қорқады. Өйткені қаусап тұрған қабырға бір сәтте опырылып құлауы да мүмкін.


Осыдан 126 жыл бұрын салынған үйдің әлі мығым екендігіне көзі жеткен тұрғындар былтыр несие алып, пәтерін күрделі жөндепті. Енді осының бәрі күлге айналды. Ал мойнындағы борышты банктің кешірмесі анық.

Людмила ЯКУШИНА, ӨРТЕНГЕН ҮЙДІҢ ТҰРҒЫНЫ:

Өмір бойы тірнектеп жинағанымызды осы үйге жұмсадық. Бәрі бір сәтте өртеніп кетті. Қымбат жиһаз, тұрмыстық техниканың күлі ғана қалды. Түнде сығылысып көлікте қондық. Басқа баратын жеріміз жоқ. Бүгін де көлікте қонатын шығармыз.

Мехман МАМЕДОВ, ӨРТЕНГЕН ҮЙДІҢ ТҰРҒЫНЫ:

Кеше біз де көлікте түнедік. Туыстарымызға барайық десек, олардың да отбасы бар. Аядай жерге көп адамның тұруы қиын ғой. Ал басқа жерге кетсек, өрттен аман қалған дүниемізді ұрлап кетуі мүмкін. Амал жоқ, бүгін де мәшинеде ұйықтаймыз. Не істерімізді білмей қиналып отырмыз.

Өрт сөндірушілер тілсіз жауды екі сағаттың ішінде өшірген. Адам шығыны жоқ. Ал бүлінген мүліктің есебі әлі анықталмапты.

Нұрсұлтан СЕРІКОВ, ОРАЛ қ.ТЖБ БАС МАМАНЫ:

Қазіргі уақытта өрттің шығу себептерін анықтау жиналған барлық материалды. Орал қалалық полиция басқармасына жолданды. Кінәлілер анықталғаннан кейін тек шаралар қолданылады. Қазіргі уақытта өтемақы төлеу немесе шығынын қайтару туралы жергілікті атқару органдарына хабарласса болады.


Әзірге жанашыр оралдықтар әлеуметтік желі арқылы жылу жинауға кіріскен. Бірақ сау-тамтығы қалмаған үйді аз уақытта жөндеу мүмкін емес. Төтеншеліктер өрттен келген шығынның көлемі анықталған соң ғана көмек көрсетілуі мүмкін дейді. Ал оған дейін алты отбасының ендігі баспанасы көлік болмақ.

Е. Карин