Спорт Қазақстан
$442.05 €474.14 ₽4.74
×

Оралдағы жасөспірімдер үйінің тұрғындары пәтер беру ісінде ашықтық болуын талап етті

AstanaTV
25.10.2021ж. 20:00
1176
Оралдағы жасөспірімдер үйінің тұрғындары пәтер беру ісінде ашықтық болуын талап етті

Оралдағы жасөспірімдер үйінің тұрғындары пәтер беру ісі ашық болсын деп талап етуде.  Олар үй кезегінің баяу жылжитынына наразы. Қазір облыста  жетім өскен 1800 адам баспанаға мұқтаж. Кезек күтуден шаршаған олар  арнайы комиссия құрылсын дейді.

Балалар үйінде өскен Айнагүл Өтебәлиева екі баласымен  осында тұрады. Жуынатын, ас пісіретін, қонақ күтетін, тіпті жатын орны да он төрт жылдан бері осы бөлме. 10 жыл бұрын пәтер кезегіне 660-ыншы болып тіркеліпті. Содан бері үй кезегі 400 адамға ғана  жылжыған.   

Айнагүл ӨТЕБӘЛИЕВА, «ШАҢЫРАҚ» ЖАСӨСПІРІМДЕР ҮЙІНІҢ ТҰРҒЫНЫ:

Менің қазір балам сегізде. Менен үлкен, кезекте тұрып жатқандардың балаларының алды 25-те. Үйленетін уақыты болды. Олардың да немерелері осы жерде тұрмайды ғой. Қашанғы күтеміз? Мен кейде ойнап айтам, тіпті әкімге барғанда айттым: егер арендалық үйді бермесеңдер, өлгенде көмілетін жерді тегін беріңізші дедім.

Балалар үйінің түлектері «Шаңырақ» жасөспірімдер үйіне орналасады. Заң бойынша олар мұнда 23 жасқа дейін тұруы тиіс. Бірақ көбінің жасы әлдеқашан асып кеткен, тіпті жасы 50-ге келгендері де бар. Өйткені олардың басқа паналайтын жері жоқ. Амалы таусылған олар жаңа жатақхана салып көшіруді немесе жеке пәтер беруді сұрап отыр.

Мирас МҮЛКАЙ, ОРАЛ қ. ӘКІМІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ:

Енді ол деген бәрі қаржыға байланысты. Егер біз қалалық әкімдік арқылы, қалалық ЖКХ бөлімі арқылы пәтерді табыстайтын болсақ, сәйкесінше біз тұрғын үй қатынастары туралы заңмен жұмыс атқаратын боламыз. Ведомстволық тұрғын үй сұрағы қазір көтеріліп жатыр. Енді осы білім басқармасы арқылы осы ведомстволық тұрғын үйді шешу мәселесі.

Кезек тез жылжымайтынын әкімдік өкілдері де мойындайды. Мысалы, «Шаңырақтықтар» 2015 жылы - 12 пәтер алса, соңғы екі жылда 6 пәтер ғана беріліпті. Өйткені тегін берілер үйдің өзі 13 санат бойынша жіктеледі. Сондықтан  пәтер кезегінде тұрғандар көбеймесе азаяр емес.

Е. Карин