Спорт Қазақстан
$444.14 €477.05 ₽4.85
×

Павлодар облысында құны 15 млрд теңге болатын 5 жоба тоқтап тұр

AstanaTV
02.11.2021ж. 20:00
1105
Павлодар облысында құны 15 млрд теңге болатын 5  жоба тоқтап тұр

Павлодарлық диқандар келер жылы егін еге алмай қалуы мүмкін. Себебі 5 жыл бұрын басталған, биыл бітуі тиіс  су құбырының құрылысы  аяқсыз қалды.  Тек бұл емес, өңірде құны  15 млрд теңгеге жуықтайтын  5 бірдей ірі жоба тоқтап тұр. Жерді жыртып, техникасын дайындап қойған диқандар енді  не істерін білмей дал.  Жұмыстың тұралауына не себеп? Шаруалардың еңбегі зая кетпей ме? Тілшіміз Өзгеріс Қуанар  мәселенің мән-жайын тарқатады.  

«Жанкөбек» серіктестігі суармалы егіншілікпен айналысуды 6 жыл бұрын қолға алған.  Оларға мемлекеттік бағдарламамен 1200 гектар жерді суару үшін құбыр  тартып беруі керек еді. Алайда, 5 жылға созылған жоба биыл да аяқсыз қалды. Диқандар енді шығынға ұшыраймыз ба - деп алаңдайды.  Өйткені, шаруашылық келер жылы егін саламыз деп жерді өңдеп, техникаларын сайлап қойған.

Армия ТАУКЕНОВ, «ЖАНКӨБЕК» ЖШС АТҚАРУШЫ ДИРЕКТОРЫ:

Бүгінгі күнге міне осылай трубо ашық қалды. Әлі біздің участокка дейін 1,5-2 шақырымдай бар. Ол жерде труба да жоқ. Не қазылған да жоқ. Декабрь айында біз тапсырамыз – деді. Біз енді өз жерімізді дайындап жатырмыз. Бірақ та, ертең саламыз. Су келмейтін болса, біздің затратымыз далаға кетеді.

Армия Таукенов егіншілікпен қатар мал шаруашылығын да дамытпақ ниетте.  600 малға арналған сүт фермасын салып жатыр. Енді  бұл жоспарым  да іске аспай қалатын болды деп налиды ол.

Армия ТАУКЕНОВ, «ЖАНКӨБЕК» ЖШС  АТҚАРУШЫ ДИРЕКТОРЫ:


600 басқа сауынды сиыр қоймыз деп ойлаймыз. Оның кормосын дайындамай малды қалай әкелеміз. Әуелі кормосын бәрін дайындап алу керек. Біз мына жақта кормды өсіре алмай жататын болсақ, біз тағы да бір 3-4 жылға артқа кетеміз.

Павлодар облысында 5  жобаның  тағдыры қыл үстінде тұр.  Ал су құбыры құрылысына   жауапты «Қаз су шаруашылығы»   жобаны толық жүзеге асыруға қаражат жеткіліксіз  дейді.

Серік МҰСТАФИН, «ҚАЗСУШАР» РМК ПАВЛОДАР ФИЛИАЛЫНЫҢ БӨЛІМ БАСШЫСЫ:

Құрылыс жұмысының аяқталмауына  екі себеп бар. Бірінші қаражат жетпеді. Екінші, пандемия салдарынан құрылыс материалдары, қызмет құны тым қымбаттап кетті. Өйткені, бізге қаражат 2017 жылғы бағамен есептелген. Қазір өздеріңіз білесіздер, бәрі қымбаттап жатыр. Ал 5 жобаны толық аяқтау үшін бізге  әлі 13 млрд 80 млн теңге қажет.

Мамандар қаражат мәселесін  шешу үшін Ұлттық экономика министрлігінен қосымша қаржы сұратқан. Қомақты қаржының бөлінер бөлінбесі  белгісіз. Ақша келген күннің өзінде  құрылыс жұмыстары келер жылы тек күзде ғана аяқталуы мүмкін. Онда   шығынға шаш етектен батамыз –дейді диқандар.  Есіл еңбектің өтеуін кімнен сұрарын білмей дал.

Ө. Қуанар