$498.34 €519.72 ₽4.85
×

Ақылы вакцинаның құны қанша?

AstanaTV
16.11.2021ж. 20:00
1831
Ақылы вакцинаның құны қанша?

"Pfizer" вакцинасын кез- келген адам салдыра алады. Тек ақылы түрде. Бұл туралы Денсаулық сақтау министрі айтты. Себебі, АҚШ препаратын салғызуға ниеттілер көп. Жұрт ревакцинацияға да осы екпені қалайды. Сондықтан, Алексей Цой,  осындай шешім қабылданғанын жеткізді. Ақылы вакцинаның құны қанша? Оны қайдан және қалай алуға болады? Толығырақ әріптесім Асылбек Данияр тарқатып айтады.

Денсаулық сақтау министрінің  ұсынысын  Үкімет басшысы бірден мақұлдады. Бірақ, Алексей Цой оның бағасы  туралы ештеңе айтпады. Оның қашан қолжетімді болары да белгісіз.

Алексей ЦОЙ, ҚР ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ МИНИСТРІ:

Бағасы әлі анық емес. Бұл коммерциялық сегмент болып табылады. Менің ойымша, мұнда белгілі бір бәсекелестік орта бар. Біз вакцинаны осы жылдың соңына дейін айналымға шығаруды жоспарлап отырмыз. Аймақтар да бұл науқанға дайын болуы керек.

Екпенің тиімділігіне көз жеткізгендердің көбі ревакцинацияға "Pfizer-ді" салғызғысы келеді.  Әрине, құны қалта көтерсе...

БЛИЦ:

-    Салдырамыз енді ақшамен болса да. Әсері жақсы болса болды ғой, соны көтере алатын болсақ.
-    Егер, бағасы 20 мың, 15 мың теңге болатын болса мен салдырмаймын. Бұл барып тұрған бассыздық. 
-    Өзім "Pfizer-ді" қабылдаймын деп шештім. Ақылы болса да салдырамын, өзімнің денсаулығым үшін.
-    Бастапқыда "Спутник В-ді" қабылдадым. Әрі қарай да соны таңдаймын.


Елдің бас санитарлық дәрігерінің міндетін атқарушы Айжан Есмағамбетова  коронавирусқа қарсы ревакцинация жүргізу туралы қаулыға қол қойды. Құжатта ең бірінші кімдердің екпе алатыны көрсетілген.

Айжан ЕСМАҒАМБЕТОВА, ҚР БАС МЕМЛЕКЕТТІК САНИТАРЛЫҚ ДӘРІГЕРІНІҢ МІНДЕТІН АТҚАРУШЫ:

Олар: медицина қызметкерлері, педагогтар, құқық қорғау қызметкерлері, 60 жастан асқан адамдар, иммунитеті әлсіреген адамдар, ағзасында КВИ-ге қарсы антиденесі жоқ адамдар.

Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің мәліметінше,  "Pfizer"-ді  1560 адам салдырған. Оның 1313-і- жасөспірім, қалғаны жүкті келіншектер мен емізулі аналар.

Елдегі ұжымдық иммунитеттің қалыптасу көрсеткіші мынадай. Жалпы халыққа шаққанда тұрғындардың 41,5 проценті екпе алған. Бұл межелі деңгейге жеткіліксіз. Ал  вакцина алуы керек адамдардың 68,8 проценті препараттың қос дозасын салдырған.  Қазақстан   вакциналау көрсеткіші бойынша әлемде 104-ші орында. Ал  Біріккен ұлттар ұйымына  мүше елдер арасында көш бастап тұр.

Денсаулық сақтау министрінің айтуынша, "Pfizer" вакцинасы Қазақстанға   апта сайын жеткізіліп отырады. Препараттың кезекті партиясы қарашаның 20-сына  жоспарланған.

А. Данияр