Спорт Қазақстан
$446.49 €475.38 ₽4.79
×

Жарылыстан 3 адам қаза болды: ең кішісі 4 жаста

AstanaTV
17.11.2021ж. 20:00
1586
Жарылыстан 3 адам қаза болды: ең кішісі 4 жаста

Ақмола облысына қарасты Шортанды ауылында болған жарылыстан, бір отбасынан 3 адам қаза болды. Мамандардың айтуынша, газ баллоны жарылған. Тағы 10 адам зардап шеккен, 2 бала жансақтау бөлімінде жатыр. Жағдайларын дәрігерлер ауыр деп бағалайды. Толығырақ оқиға орнына барған әріптесім Ақбота Базарбай жалғастырады.  

Ақбота БАЗАРБАЙ, ТІЛШІ:

Күні кеше мына жерде 3 отбасы пана қылған үлкен үй бір ақ сәтте тас талқан болды.  Қазіргі көрінісі осы. Апат ортаңғы үйден газ балонның жарылуынан болған дейді мамандар. Жарылыс 350 шаршы метр аумақты алып кеткен. Салдарынан бір үйден 3 адам қыршынынан қиылды, оның бірі бар болғаны 4 жастағы қыз бала.

Оқыс жағдай кезінде бұл үйде қонақтар болған. Үй иесі барлығы өзімнің балаларым мен немерелерім  деп көз жасын тиа алмады. Қария бір түнде 2 келіні мен 4 жастағы немересінен айырылып қалды.

Нұрымбай ТОҚТАРҰЛЫ, ШОРТАНДЫ АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Олар менің өзімнің балаларым, немерелерім. Өзімнің отауым бөлек, олардың отауы бөлек. Жүгіріп үйге келсем, мына жер өртенген, балалар шала күйген. Бір қарасам скорыйдың ішінде жатып есімнен таңып қалыппын. Есімді жинап жатсам, балалардың сүйегін бір-бірден әкеп, мына үйдің іргесіне қойып жатыр екен. Үш баламның сүйегін. Үшеуін де.

Жарылыстың дауысын ести сала, көршілері де бірден көмекке жеткен. Айтуларынша сол күні ауылда су болмаған. Өрт сөндірушілер келгенше үйде барын шелекпен тасып, сөндіруге тырыстық дейді.

Үкімет БАҒЛАН, ШОРТАНДЫ АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:


Жарты сағаттан кейін келді, пожарныйдың машинасы. Су жоқ деп кетіп қалды. Екіншісі келді, су қатып қалды дейді, ол су бар ма жоқ  па, өтірік пе шын ба білмейміз. Енді машинаны есіктің алдынан алайық десек, солярка жоқ дейді. Қалың ел итеріп шығардық.

Кәби ҚУАНАР, ШОРТАНДЫ АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:


Жүгіріп, артқы терезеге барсам, шуылдап тұр екен.  Шақтық, ішінен ұр-ұр дедім, ұрды. Ұрғаннан кейін баланы лақтыр дедім. Бәрін лақтырды. Лақтырып, шығарып, үйге әкеліп, енді қайта барсам уже скорый келіп, пожарныйда су жоқ, қатып қалған дейді.  15 минуттай тұрды мына жерде. Кешігіп қалды. Сонда су болса ана кісілер күймеуші еді онда.

Кәккей ЖОЛДАС, ШОРТАНДЫ АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Просто пожарныйда су болмады. Соған өкінеміз.  Пожарный дайын болу керек қой. Мұндай жағдайда пожарный дайын болу керек. Просто солярка жоқ. Мына жерден адамдар итеріп шығарып жатыр. Бұл деген сұмдық нәрсе ғой.


Оқиғаның күәгерлері болған жайтты осылай жеткізді. Ал облыстық Төтенше жағдай департаменті бұны бірден жоққа шығарды.

Ерлан МОЛДАХАНОВ, ОБЛЫСТЫҚ ТЖД ӨРТ СӨНДІРУ ЖӘНЕ АВАРИЯЛЫҚ-ҚҰТҚАРУ ЖҰМЫСТАРЫ ҚЫЗМЕТІ БАСТЫҒЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:

Ондай болу мүмкін емес. Өйткені, біздің өрт сөндірушілер күн демей, түн демей, ауа райына қарамай дереу шығады. Біз толы дизель отынымен, толы мөлшерде сумен әрқашан өрт сөндіруге, кез-келген төтенше  жағдайдың алдын алуға дайынбыз.

Ауруханаға жеткізілген 10 адамның ең кішісі, бар болғаны 1 жастан 1 ай асқан сәби. Екі бала жансақтау бөлімінде, жағдайлары ауыр деп жеткізді дәрігерлер. Ал облыс әкімдігі зардап шеккендерге қолдан келген көмекті аямаймыз деп уәде берді. Қақаған қыстың алдында далада қалдырмаймыз дейді.

Малғаждар ТАТКЕЕВ, АҚМОЛА ОБЛЫСЫ ӘКІМІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ:


Қазіргі уақытта ол кісілер далада қалмайды. Біз енді уақытша пәтерлерді жалдап алдық. Уақытша сонда тұруға мүмкіндік болады.

Қазір жарылысқа қатысты іс қозғалып, тергеп-тексеру жұмыстары жүргізілуде.

А. Базарбай