Спорт Қазақстан
$448.15 €483.46 ₽4.86
×

"Офицер өзін-өзі өлтірді" дегенге оның ата-анасы сенбейді

AstanaTV
26.11.2021ж. 20:00
2854
"Офицер өзін-өзі өлтірді" дегенге оның ата-анасы сенбейді

"Баламның суицид жасауы мүмкін емес". Жамбыл облысындағы гвардиялық   гарнизон әскери бөлімшесінде  өз-өзіне қол жұмсаған  офицердің туыстары "баламызға қысым жасалған" дейді. Арнамызға эксклюзивті сұхбат берген марқұмның ата-анасы аға лейтенант шеніндегі ұлдарының біреудің қолынан қаза тапқанына сенімді. Себебі, оқиғаның көлеңкелі тұстары көп, - дейді. Толығырақ әріптесім Ақбота Базарбайдың материалында.

Бауыр еті баласынан қапыда айырылып қалған ана ол өз-өзіне қол салды дегенге   сенбейді. Марқұмның денесін алуға, істің мән-жайын білуге өзі бармақшы болған. Бірақ әскери бөлімшедегілер «келмеңіздер» деп тосқауыл қойған көрінеді.  
 
АНАРГҮЛ ДЕМЕУБАЕВА, МАРҚҰМНЫҢ АНАСЫ:

Не себепті келмеңіздер деп жатырсыздар деген уақытта запискасы бар, соңғы хатын сіздерге апарып береміз деді. Не оны бізге әкелген де жоқ. Даже келген кезде киім-кешегін әкеліп беру керек еді ғой. Дым әкелген жоқ. Әкелді да шығарып салуға да жарамады военныйлар. Әкелді де тастады да кетті ғой.        

Марқұмның әкесі де ұлым өзін өзі өлтіруі мүмкін емес дейді.   

ЕРБАҒАН ОМАРОВ, МАРҚҰМНЫҢ ӘКЕСІ:

Қиын маған өте ауыр. Осындай жақсы баламнан айырылғаныма. Жұмыс істеп жүрген балам. Осындай жағдайға ұшырағанына өте өкінемін. Балам үшін өкінемін. Кім болса да қалай баласын қияды?

Генерал болуды армандаған аға лейтенант Жандос бар-жоғы 24 жасында бақилық болды. Әскери академияны бітірген соң, 4 жыл Жамбыл облысындағы Отар әскери бөлімінде жемісті еңбек еткен. Жақында ғана шені көтерілген. Бауырын өзінің бес саусағындай білетін ағасы Елдос та аяқ астынан болған бұл жағдайға күдікпен қарайды.

ЕЛДОС ОМАРОВ, МАРҚҰМНЫҢ АҒАСЫ:

Шу шығарғаннан кейін хатты телефонмен жіберді. Соны мен бітпей жатып өшіріп тастады. +Онда былай жазылған: "Мама, кешіріңізші. Командирлерімді подставить еткім келмейді", -деп. Егер, ол командирлерін подставить еткісі келмесе неге ол жұмыс орнында атылды? Олимпта 8млн қарызы болған дейді.  Оның ешқандай қарызы жоқ. Біз тексердік бәрін.  

Марқұмның денесін әкелген кезде жеке заттары, онымен қоса ұялы телефоны да ата-анасына қайтарылмаған. "Жандос таңғы 5-те қайтыс болса, сол күні   түнде оның әлеуметтік желідегі парақшасына біреу кірген. Бұл да көңілімізге күдік ұялатады"- дейді туыстары. Бірақ қорғаныс министрлігі бұған қатысты тек ресми ақпарат беріп отыр.

Бекен ШЫНТІЛЕУОВ, ҚР ҚОРҒАНЫС МИНИСТРЛІГІ ӘСКЕРИ ПОЛИЦИЯ БАСҚАРМАСЫ БАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:

Ағымдағы жылдың 22 қарашасы күні Гвардейск гарнизонындағы әскери бөлімнің офицері өзіне қол жұмсады. Қайтыс болған жігіттің өлер алдында жазған хаты табылды. Қазіргі уақытта аталған факті бойынша тергеу жүргізіліп жатыр. Тергеу мүддесіне және туыстарының өтінішіне сай өзге ақпараттар жариялануға жатпайды.   


Ақбота БАЗАРБАЙ, ТІЛШІ:

Қайғыдан қан жұтқан ата-ана  баламыздың өзін өзі өлтіргеніне бәрібір сенбейміз дейді.    Бұған дейін ол жұмысына қатысты ешқандай шағым айтпаған.  Олар жұмбақ өлімнің себебін құзырлы орындар анықтаса, тергеу жұмыстары әділ жүрсе дейді. Кінәлілердің түгел жазалануын талап етуде.  

А. Базарбай