Спорт Қазақстан
$446.49 €475.38 ₽4.79
×

Елордада тағы үш тұрғын үй алабы табиғи газ желісіне қосылды

AstanaTV
30.11.2021ж. 20:00
1067
Елордада тағы үш тұрғын үй алабы табиғи газ желісіне қосылды

Елорданы газдандыру жұмыстары жалғасуда. Тағы үш  тұрғын үй алабы  көгілдір отынның игілігін көреді.  Олардың арасында қазақтың тұңғыш ғарышкері Тоқтар Әубәкіровтің жанұясы да бар.

Тоқтар Әубәкіров жыл сайын қыс мезгілінде 60 тоннаға дейін көмір жағатынын айтады. Өйткені қара алтынның  сапасы мәз  емес дейді.

Тоқтар ӘУБӘКІРОВ, ҚР ХАЛЫҚ ҚАҺАРМАНЫ:

Көмір көп кетеді. Өйткені бас қаланың суығын білесіздер ғой. Қыс 7 айға дейін созылады. Оның үстіне көмірдің барлығы бірдей сапалы емес. Кейбірі жанбай әбіржітеді.

Жақында бас қаладағы  "Күйгенжар", "Мичурино" және "Интернациональный" тұрғын үй алаптарына газбен жабдықтау желілері тартылды. Енді   аталған тұрғын үй алаптары да көгілдір отынның игілігін көреді.

Тоқтар ӘУБӘКІРОВ, ҚР ХАЛЫҚ ҚАҺАРМАНЫ:

Мен жазда газ тарту жұмыстары жүріп жатқанда, қатты қуанғандардың бірімін.  Бұл біз үшін қуанышты жаңалық.

Тұрғындар енді   өз үйлеріне керекті құрал-жабдықтарды орнатуы қажет. Ал  оған мүмкіндігі жетпейтіндерге  әкімдік қолдау көрсетеді. Қазірдің өзінде   320   отбасына көмек көрсету үшін қаражат қарастырылған.

Алтай КӨЛГІНОВ, НҰР-СҰЛТАН ҚАЛАСЫНЫҢ ӘКІМІ:

Аз қамтылған отбасыларға мемлекет тарапынан қолдау бар. 260 мың теңге қаражатты береміз. Жыл басынан бері 200 отбасы сондай көмекке ие болды. Біз қосымша тағы 120 отбасыға сондай көмек беруге сондай шешім қабылдадық.Демек биыл сондай 320 отбасы көмек алады.

Осыған дейін Көктал-1, Көктал-2, Темір жол, Агроқалашық және оңтүстік-шығыс ауданының оң жақ бөлігі газдандырылды. Бұл аумаққа әкімдік 650 шақырымнан астам  газтарату желісін жүргізген.

Б. Сатуов