Спорт Қазақстан
$448.15 €483.46 ₽4.86
×

Астанада «Бағаналы ордам - басты ордам» айтыс бәсекесі басталды

AstanaTV
06.07.2016ж. 20:00
3889
Астанада «Бағаналы ордам - басты ордам» айтыс бәсекесі басталды

Астанада «Бағаналы ордам - басты ордам» атты айтыс бәсекесі басталды. Еліміздің әр түкпірінен 14 ақын өзара кім мықтыны анықтамақ. Бұл жолғы жыр додасына кіл мықтылар жиналды, - дейді ұйымдастырушылар. Олардың арасында «Алтын домбыра» сыйлығының иегерлері бар. Қалыптасқан дәстүр бойынша бұл жолғы айтыс та «Нұр Отан» партиясының қолдауымен, Астана қаласы әкімшілігінің ұйымдастырумен өтіп отыр. Шараны тамашалау мүмкіндігін партияның хатшысы Қаныбек Жұмашев та жібермей, көрермендер арасынан табылды. Доданың тақырыбы Астана күніне арналғанымен, ол бірнеше мерекемен тұспа-тұс келіп отыр. Айтыс жанашыры Жүрсін Ерман, жыр сайысының мақсаты - елорда абыройын асқақтату болғанымен, қоғамда қордаланған мәселелерге қатысты орынды сынға да жол беріледі, дейді.

Жүрсін Ерман, ақын, айтыс жанашыры:

Айтыстың мақсаты - еліміздің жүрегі, ажары болып отырған, қазақтың көз қуанышына айналып отырған Астана қаласының мерейін өсіру. Астана барлық жақсылықтардың ордасы болып отыр. Әрине, айтыс болғаннан кейін сын, мін айтылмай тұрмайды. Қоғамда қордаланып қалған мәселелерді ақындар шеберліктеріне байланысты тұспалдап болса да, нысаналап болса да, айтады. Сондықтан біз Астана қаласының қонақтарына олжа сыйлаймыз ба деген ойдамыз.

Топ жарған ақындарға қарастырылған жүлде қоры да қомақты. Бірақ бұл ақындар кәдеге емес, көрерменнің ілтипатына таласады, - дейді Жүрсін Ерман. Ал жүйріктердің сөз саптауы мен ұтымды ойларының бағасын айтыстың майталмандары береді. 

Азамат АЛДОҢҒАРОВ