Алматыдағы тәртіпсіздіктер кезінде бір бала қайтыс болды. Бұл туралы балалар омбудсмені Аружан Саин мәлімдеді. Оның айтуынша, ата-анасымен сыртта жүрген 11 жастағы балаға оқ тиген. Сондай-ақ, тағы бір бала, 15 жастағы жеткіншек ауыр жарақатпен ауруханаға жеткізілген. Қазір дәрігерлер оны аман алып қалу үшін күресіп жатыр. Аружан Саинның айтуынша, бұл жасөспірім әкесімен көлікте келе жатқан.
Ішкі Істер Министрлігінің мәліметінше, 4404 адам ұсталған. Олардың арасында шетел азаматтары да бар. Сондай-ақ, Алматы облысы ауылдарының бірінде 100-ден астам адам ұсталғаны туралы хабарланды. Алдын ала мәлімет бойынша,олар-көршілес мемлекет азаматтары. Ал Алматы қаласындағы Қалқаман шағынауданындағы көлікке техникалық қызмет көрсету орнынан патрондар, оқ-дәрілер мен ұрланған мүлік велосипедтер, теледидар және ұялы телефондар тәркіленді. Сот алды тергеу амалдары жүргізілуде. Сондай-ақ, Жамбыл облысының бір елді мекенінде қару қоймасы анықталды.
Б. Сатуов