Ауа райы -
Негізгі / Жаңалықтар / Қостанайда дүкен иесі 5 жылдан бері тегін нан таратып келеді

Қостанайда дүкен иесі 5 жылдан бері тегін нан таратып келеді

Қостанайда дүкен иесі жұма сайын, тегін нан таратады. Ақысыз ас атасы зейнеткерлер мен мүгедектерге, көпбалалы отбасыларға үлестіріліп келе жатқанына 5 жылға жуықтаған.  Жақсылық жасауға жарысқан жақсы адам жайлы Заңғар Санай сабақтайды.

Зейнеткер  Гүлбаршын Сайдиева бұл дүкенге жұма сайын келеді екен. Ас атасын ақысыз алатын қарт ана үнемі кәсіпкерге алғысын  білдіріп, ақ батасын береді.

Гүлбаршын САЙДИЕВА, ЗЕЙНЕТКЕР:

Бұл кісілерге көп рахмет. Жұма сайын бізге көмек беріп  жатқанына. Алғысымды білдіремін.

Галина ПАНЧУК, ЗЕЙНЕТКЕР:

Өте қайырлы іс жасап жатыр. Тегін нан таратып. Дүкен иесі Светлана да өте жақсы адам. Үнемі көместесіп тұрады.


Кәсіпкер Светлана Багмут әр жұмада 170-ке  жуық бөлкені тегін таратады. Сауапты істі 5 жылдан бері жалғастырып  келеді. Тұрғындар тегін нан алу үшін шаһардың жан-жағынан ағылып жатқан көрінеді.

Светлана БАГМУТ, КӘСІПКЕР:

Бұл игі істі жалғастыра береміз. Тегін нан алғысы келетіндер қатары артып  келеді. Мысалы бүгін келгендердің  көбісі өзге шағын ауданның тұрғындары. Біз барлығына жетерліктей тапсырыс беріп отырамыз. Алдағы аптада тегін берілетін бөлкелер санын тағы көбейтеміз.


Дүкен иесінің айтуынша қайырлы істі жасауға оның  жұбайы түрткі болған. Түркімен азаматының игі бастамасын, үзбей келе жатқанын жеткізді. Бірнеше жыл бұрын Светлананың қосағы ауыр дертке шалдығып, ота жасатыпты. Қазір денсаулығы тәуір. Оның аяғынан тік тұрып кетуіне әуелі Жаратқан, одан кейін осы көпшіліктің ақ батасы медет болды деп санайды. Сондықтан сауапты істі сабақтай береміз, дейді қайырымды кәсіпкер.

З. Санай