Қызылордалық Жұмакүл Естаева полицейлердің кесірінен баламды екі рет жерледім деп жылап отыр. Оның айтуынша, ұлы Берік Сағындықов 15 желтоқсан күні із-түзсіз жоғалған. Бұл туралы қалалық полиция басқармасындағыларға арызданған, бірақ олар учаскелік полицияға сілтепті. Ал ондағылар «қандай ақпарат болса да өзіміз айтамыз» деп шығарып салған көрінеді. Табаны тозып, баласын шарқ ұрып іздеген анаға 40 күннен кейін ғана хабар келіпті. Берік іздеушісі жоқ азаматтардың қорымына әлдеқашан жерленген көрінеді.
Берік Сағындықов 15 желтоқсан күні жұмысқа кеткеннен үйіне оралмаған. Жақындары полицияға хабарлаған, бірақ нәтиже болмапты. Тек 40 күннен айдан кейін ғана қалалық полиция басқармасындағылар оның қайтыс болғандығын естірткен. «Баламды уақытылы арулап көме алмадым» деген ана етегі жасқа толып отыр.
Жұмакүл ЕСТАЕВА, Б.САҒЫНДЫҚОВТЫҢ АНАСЫ:
Жердің бетінде жатыр ол бала деген. Ақ шүберегі де жоқ, әшейін көміп тастаған. Адам итті де өйтіп қорламайды ғой. Адам баласы ғой.
Полицейлер марқұмның денесін қала көшелерінің бірінен тапқандығын айтқан. Алайда Беріктің ағасы оның қалтасында құжаттары болды дейді. Ал қаралы хабарды неге ертерек хабарламағандары оларға жұмбақ болып тұр.
Бауыржан САҒЫНДЫҚОВ, Б.САҒЫНДЫҚОВТЫҢ АҒАСЫ:
Ішінде делода адресінің бәрі жазылып тұр, әкесінің аты бәрі. Суреті бәрі тұр. соған таңқалып отырмын. Қылмысты жасырып тұр негізі. Бір бойы неге айтпайды қайтыс болғанын. Айтуы керек қой, арты таза болса. Бастығы қасында тергеушісін әкеп, жиналып, сөйлестік. Сол кезде, айтты. Кінә бізден болды, іздемеген деді.
Қалалық полиция басқармасының мәліметінше, қайтыс болған Берік Сағындықовтың денесі 18 желтоқсан күні 16:10 шамасында табылған. Оның денесінде ешқандай зорлық-зомбылық белгілері болған жоқ дейді. Сондай-ақ, марқұмның тұратын көшесі анықталғанымен, жақындарын таппағандарын айтады.
ҚЫЗЫЛОРДА ҚАЛАЛЫҚ ПОЛИЦИЯ БАСҚАРМАСЫ:
Мәйітке байланысты мән-жайды анықтау барысында Қызылорда қаласы Тасбөгет кенті Жанқожа батыр көшесінің тұрғыны екені анықталып, нақты өлім себебін анықтау үшін мәйітханаға тапсырылған. Жақын туыстарының табылмауына байланысты, ер адамның мәйіті жерлеу бюросы қызметкерлерімен жерленген.
Қаралы отбасының айтуынша, сот сараптамасында марқұм жүрек талмасынан қайтыс болды деп көрсетілген. Алайда туыстары Беріктің осы уақытқа дейін денсаулығына мүлдем шағымданбағанын айтады. Сондықтан құпияға толы қазаға кінәлілер жазалансын деп талап етіп отыр.
М. Тоқтасынқызы