$498.34 €519.72 ₽4.85
×

Оралдағы жасөспірімдер үйінің тұрғындары ондаған жыл бойы пәтерсіз жүр

AstanaTV
02.02.2022ж. 20:00
1209
Оралдағы жасөспірімдер үйінің тұрғындары ондаған жыл бойы пәтерсіз жүр

Оралдағы жасөспірімдер үйінің тұрғындары ондаған жыл бойы пәтерсіз жүргеніне өкпелі. Олар баспана кезегі өте  баяу жылжиды деп ашуланады. Батыс Қазақстан облысында ата-анасының қамқорлығынсыз қалғандар санаты бойынша 1900 адам пәтер кезегінде тұр. Кезегін күтуден шаршаған олар жергілікті атқамінерлерден нақты көмек көрсетуін сұрайды.
 
Балалар үйінде өскен Айнагүл он төрт жылдан бері бір бөлмеде тұрады. Екі баласы да осында өсіп жатыр. Жас отбасы пәтер кезегіне 10 жыл бұрын тіркелген. Бірақ нәтижесіз. "Себебі, кезек өте баяу жылжиды" дейді ол.     

Алена ТУРУСОВА, «ШАҢЫРАҚ» ЖАСӨСПІРІМДЕР ҮЙІНІҢ ТҰРҒЫНЫ:

Осыған дейін әкімдіктен бізге бөлек үй салып беруін сұрадық. Бірақ бізбен сөйлесуге ешкімнің құлқы жоқ. Прокуратура мен тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы бөліміне жазған хатымыз жауапсыз қалды. Бізге жалдамалы пәтер беріп, кейін оны сатып алуға мүмкіндік берілсе деген өтінішіміз бар.
 
Жергілікті әкімдік өкілдері  мәселені банк пен мемлекеттің бірлескен жобасы арқылы шешуді ұсынған. Бұл жоба бойынша ай сайынғы пәтер төлемінің жартысын мемлекет өз мойнына алады. Бірақ тұрғындар мұнымен келіспейді.
 
Әсел АНТАЕВА, «ШАҢЫРАҚ» ЖАСӨСПІРІМДЕР ҮЙІНІҢ ТҰРҒЫНЫ:
 
«Отбасы банкте» қандай талап болуы керек? Сенің ай сайынғы жалақың 100 мың теңгеден жоғары, сенің бүкіл кредитің бәрі таза болуы керек. Сен төлемқабілетті болуың керек. Бірақ бізде жартысы жалғызбасты аналар көп. Көпбалалылар көп. Сосын менде үш бала бар, бірақ күйеуім екеуміз ондай жалақы таба алмаймыз. Себебі неофициально жұмыс істейміз.
 
Кезектің тез жылжымайтынын әкімдік өкілдері де мойындайды. Өйткені тегін берілетін үй  13 санат бойынша жіктеледі. Сондықтан пәтерін күткендер көбеймесе, азайған емес дейді. Бірақ пәтер жалдаймын дегендерге  қол ұшын беруге дайын.
 
Бақытжан НАРЫМБЕТОВ, БҚО ӘКІМІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ:
 
Кезекте тұрған азаматтарға тұрғын үйдің 50 пайыз арендалық шығынын төлеуге мүмкіндік жасалайын деп жатыр. Яғни, егер де тұрғын жеке бір пәтерге орналасқысы келсе, соның жарты қаражатын мемлекет жабады. Ол үлкен мүмкіндік.

 
Бұл ұсыныс жиылғандардың көңілінен шыққанымен, құлшынғандар табылмады. Өйткені жасөспірімдер үйінің тұрғындары мемлекеттен берілер пәтердің басыбайлы меншігінде болғанын қалайды.
 
Е. Карин