Спорт Қазақстан
$443.37 €474.49 ₽4.83
×

Алматылық тәртіп сақшылары тастанды Тәңірбергеннің ата-анасын іздестіруде

AstanaTV
02.02.2022ж. 20:00
1348
Алматылық тәртіп сақшылары тастанды Тәңірбергеннің ата-анасын іздестіруде

Ал, Алматыдағы ауруханалардың бірінен, тастанды бөбек табылды. Ауруханаға 1 жас 6 айлық баланы тәртіп сақшылары жеткізіпті. Оны анасы жарты жыл бұрын тастап кеткен. Содан бері төрт қабырғаның ішінде қамалған бөбектің тағдыры ешкімді алаңдатпаса керек. Ол жайлы науқастардың бірі дабыл қақты. Әріптесім Әсем Лесбек жалғастырады.

«2 жасар сәбидің ауруханада қараусыз жүргеніне жарты жылға жуық уақыт болды». Кешелі бері желіні шулатқан бұл жазбаны науқастардың бірі жазған. Қызымен ем қабылдап жатырмын деген келіншек, нөмірі екінші қалалық клиникада тастанды сәбидің барын айтқан. Мекеменің терезесі жоқ, тар бөлмесінде 22-ші қыркүйектен бері жатыр дейді.

Келіншек бұл жағдайға бей-жәй қарай алмағанын айтқан. Ауруханадағылар  панасыз баланың мәселесін шешуге асығар емес дейді. Ал мекеме өкілдері жағдайға былай түсінік берді.

Рүстем БАЛТАБАЕВ, АЛМАТЫ №2 ҚАЛАЛЫҚ КЛИНИКАЛЫҚ БАЛАЛАР АУРУХАНАСЫНЫҢ ЗАҢГЕРІ:
 
Бұл бала  ауруханамызға 2021 жылдың 22-ші қыркүйегінде  түсті. Оны аудандық полиция қызметкерлері алып келді. Олар бүлдіршінді анасы тастап кеткен, ал әкесінің басында баспанаса жоқ деді. Әрі баланың туу туралы құжаты да жасалмапты. Бала денсаулық сақтау басқармасының бұйрығына сәйкес осы мекемеге жатқызылды.

 
Аурухана заңгері сәбиді көруге ай сайын әкесі келіп жүргенін айтты. Баласын балалар үйіне өткізбеуді өтініп, әкесі екенін растайтын құжат жасатып жүргенін мәлімдеген. Бірақ Полиция Департаменті басқаша ақпарат берді.
 
Рүстем ӘБДІРАХМАНОВ, АЛМАТЫ қ. ПОЛИЦИЯ ДЕПАРТАМЕНТІ БАСТЫҒЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:
 
Әкесі баланы көруге мүлде бармаған. Басқа да жақындары іздемеген. Қазір Полиция Департаменті  аудандық полиция бөлімімімен бірігіп баланың құжаттарын реттестіруге кірісті. Туу туралы куәлгі ертен дайын болады.

 
Қазір 1 жас 6 айлық Тәңірберген осы ауруханадағы тәрбиешінің қарауында.  Бөбек былдырлап, әке-шешесіне елеңдейді екен.

Гүлайым АКРАМХАНОВА, АЛМАТЫ 2 ҚАЛАЛЫҚ КЛИНИКАЛЫҚ БАЛАЛАР АУРУХАНАСЫНЫҢ ТӘРБИЕШІСІ:

Тілепберген Тәңірберген бізге келгелі бері бұл бала бізге бауыр басып кетті.  Енді қазір баланың анық дамитын кезі, бір екі-сөз айтады мама папа деп.  Мейірімді келген кезде қолын көтеріп сәлем дегенге дайын тұрады.
 
Қазір бөбекті асырап алам деушілердің саны артқан. Бірақ балақай қоғамдық қор өкілдеріне тапсырылуы мүмкін.
 
Оксана МАРАЛОВА, ҚОҒАМДЫҚ ҚОРДЫҢ НЕГІЗІН ҚАЛАУШЫ:

Тәңірбергенді асырап алуға қордың барлық мүмкіндігі бар. Баланың жағдайы жайлы әлеуметтік желіде шықпағанда бұны ешкім білмес еді. Бес ай бойы жалғыз өзі аурухананың бір бұрышында қамалған бөбек одан ары қамалып жатар ме еді. Бұл жерде клиниканың қателігі көп.

Әсем ЛЕСБЕК, ТІЛШІ:

Ал Полиция Департаменті қазір тәп-тәтті бөбегін тастап кеткен безбүйрек ата-анаға іздеу жариялаған. Тәртіп сақшылары 36 жастағы ер адамды бұған дейін іздестіргенбіз дейді. Бірақ онымыздан түк шықпады деп отыр. Әке-шешесі табылса, ата-аналық құқығынан айыру шараларын жүргізбек.
 
Ә. Лесбек