Спорт Қазақстан
$447.4 €477.55 ₽4.76
×

Танымал вайнер Мейіржан Төребаев «қаржы пирамидасын құрды» деген айыппен келіспейді

AstanaTV
10.02.2022ж. 20:00
1756
Танымал вайнер Мейіржан Төребаев «қаржы пирамидасын құрды» деген айыппен келіспейді

Еліміздегі танымал вайнерлер қаржы пирамидасын құрды деген күдікке ілінді.  

Айыпталған үш жігіттің біреуі қамауға алынған. Екеуі кепілмен босатылған.  Бірақ, Мейіржан Төребаев өзіне тағылған айыппен келіспейді. «Қаржы пирамидасына мен де алданып қалдым» дейді.    Ал заңгерлер жалған жарнама жасағандардың барлығы жазалануы керек екенін айтады.   

«Мудараба Кэпитал» компаниясын жарнамалап, аңқау елді ақша салуға үгіттегендердің барлығы тергеуге алынған. Мейіржан Төребаев бастаған жігіттер аталған ұйымның иесі болуы мүмкін деген күдікке ілінді. Тергеу аяқталғанша оның екеуі кепілмен босатылған.

Абай ЖАРЫЛҚАСЫН, АЛМАТЫ ҚАЛАЛЫҚ СОТЫ БАСПАСӨЗ ҚЫЗМЕТІНІҢ БАСШЫСЫ:
 
Азаматтар Төребаев пен Шерниязовқа қатысты 1000 АЕК мөлшеріндегі кепіл түрінде бұлтартпау шарасы қанағаттандырылды. Ал үшінші азамат бойынша тергеу органдары оған сырттай қамауға алу түріндегі бұлтартпау шарасын қолдану бойынша өтініш хатпен шыққан болатын. Аталмыш өтініш хат сотпен қанағаттандырылды.
 
Вайнер Азизжан Саидбаев тергеу біткенше қамауда болады. Олардың  ісі  «қаржы пирамидасын құру және оны басқару» деген бабымен  қаралып жатыр. Айта кетейік, Полиция бұған дейін аталған компанияның басшысын қамауға алған.
 
Салтанат ӘЗІРБЕК, АЛМАТЫ қ. ПОЛИЦИЯ ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ РЕСМИ ӨКІЛІ:
 
ПД тергеу басқармасында қылмыстық кодектің 217 бабының 3 тармағы бойынша қылмыстық іс қозғалып «Мудараба Кэпитал» компаниясының бірнеше жетекшісі қамауға алынған болатын. Қазіргі таңда осы қылмысқа қатысы бар деген күдікпен тағы 3 азамат анықталды.

Азаматтардың жаппай алдануына жарнаманың әсері зор. Вайнер Мейіржан Төребаев та өзін қаржы пирамидасының құрбаны деп санайды.

Мейіржан ТӨРЕБАЕВ, ВАЙНЕР:
 
Мен өзім де қаржы пирамидасының құрбанымын. 10 миллион теңгеге алданған адаммын. Жарнамалар алдында барлық құжаттарының ресми екеніне, заңды жұмыс жасап отқандарына сендірді. Енді келіп олармен сыбайлас қылып қойды. Түсініксіз.

Мейіржан Төребаев аталған мекемемен ауыз  жаласпағанын дәлелдеймін дейді.  Ал қалған екі жігітке қатысты пікір айтпайтынын мәлімдеді. Ал заңгер қаржы пирамидаларын жарнамалайтын танымал адамдар жауапсыз қалмауы керек екенін айтады.

Руслан ҚОЖАХМЕТ, ЗАҢГЕР:

Вайнер болсын, блогер болсын,  әртіс болсын бәрі  көзі ашық адамдар. Нені жаранамалауға болатынын, нені болмайтынын білетін заман. Білмей жатса жан-жақты тексеріп, құжаттарының заңдды екеніне көз жеткізіп, бір емес бірнеше заңгермен сөйлесіп барып жұмыс жасауы керек қой.

Жұлдызды жігіттерге қатысты тергеудің әлі қанша уақытқа созылары әзірге белгісіз. Кінәлары дәлелденсе, 10 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.

Ә. Лесбек