Ауа райы -
Негізгі / Жаңалықтар / Ы.Алтынсариннің «Шарият-ул ислам» кітабының жалғыз түпнұсқасы Қостанайда сақтаулы тұр

Ы.Алтынсариннің «Шарият-ул ислам» кітабының жалғыз түпнұсқасы Қостанайда сақтаулы тұр

Бір музейдегі –бірегей жәдігер. Қостанайдағы Ыбырай Алтынсарин мұражайында ағартушының  бір ғасырдан астам уақыт бұрын жазған кітабы сақтаулы тұр. Ұлы ұстаздың  «Шарият-ул ислам» туындысы- екі мың данадан жалғыз қалған  түпнұсқа. Көне қазына сондықтан көпшіліктің қызығушылығын тудырып отыр. Сирек кітапты Заңғар Санай парақтап көрді.

Заңғар САНАЙ, ТІЛШІ:

Орынборда оқуда жүрген немересіне Балғожа би:

Қарағым, көзім нұры, көңіл гүлім

Сөзімді ілтипатпен тыңдап ұғын

Айрылма мұсылмандық тұтқасынан

Өлім хақ, өмір өтер тұрмас бір күн,- деп өлеңмен хат жолдаған. Мұндағы «айрылма мұсылмандық тұтқасынан» деген атасының бір ауыз сөзі кейін ағартушының тұтас бір кітабының тақырыбына арқау болды.

«Шарият -ул ислам» кітабы 1884 жылы Қазанда араб қарпімен  басылып шықты. 10 жылдан  кейін Орынборда орыс әрпімен қайта жазылды. Ал 1992 жылы Алаш ардақтысы Ақселеу Сейдімбек кітапты  аударып, Ыбырай қазынасын  қазаққа қайта ұсынды.

Назгүл ТӨКЕНҚЫЗЫ, Ы.АЛТЫНСАРИН МУЗЕЙІНІҢ БАС ҚОР САҚТАУШЫСЫ:


Ақселеу Сейдімбек ағамыз осы кітаптың аударылып, қайтадан екінші рет жарыққа шығуына себепкер болды.Яғни ұлы ағартушы,педагог Ы.Алтынсарин  ұстаздың 150 жылдығына байланысты баспаға дайындап  шығарды.


Гүлдана САРЖАНҚЫЗЫ, Ы.АЛТЫНСАРИН МУЗЕЙІНІҢ АҒА ҒЫЛЫМИ ҚЫЗМЕТКЕРІ:

«Шарият-ул ислам» кітабының Ы.Алтынсариннің жазуының басты себебі ол ата дініміз ислам дінін толық дұрыс түсіну мақсатында жазған болатын.Яғни балаларға оны құран тілінде жеңіл, жатық тілде жеткізу мақсатында  болатын.


«Мұсылманшылықтың тұтқасы» -таптырмас оқулық.Теңдесі жоқ әдістемелік. Бұл кітап өскелең жастарды имандылыққа, адамгершілікке, ізгілікке, өнер-білімге  бағыттайды.«Құран» мәтінін қарапайым тілмен түсінікті жеткізеді. Ы.Алтынсарин діни терминдердің мән-мағынасын,шариғат заңы  мен адам тәрбиесін тығыз байланыстыра талдаған.

Бақытбек ТӘЖІМБЕТ, ҚОСТАНАЙ ОБЛЫСТЫҚ МЕШІТІНІҢ БАС ИМАМЫ:

Ибн Ғабиррин деген ғұлама өткен.Сол кісінің Роббдын -Мұқтар деген энциклопедисы бар 18 томдық.Мына кішкене ғана кітапшада  сол 18 томдық кітаптың  үзінділері кіргізіліп жазылған.

Ағартушы Алтынсарин Ильминскиге жазған хатында:  «Менің ұрпағым парақор болмауы үшін мектепте адамгершілік, имандылық тақырыбында дәрістер оқимын» деген. «Мұсылманшылық тұтқасы» ұлы ұстаздың  ой толғамының, межелі мақсатының мәуелі жемісі болса керек.

З. Санай