$498.34 €519.72 ₽4.85
×

"Президент сайлауына екінші рет қатысу туралы айтуға әлі ерте", - Қ.Тоқаев

AstanaTV
18.02.2022ж. 20:00
2138
"Президент сайлауына екінші рет қатысу туралы айтуға әлі ерте", - Қ.Тоқаев

Президенттің жолдауынан кейін елде бірқатар өзгерістер болады. Мемлекеттік телеарналарға сұхбат берген Қасым-Жомарт Тоқаев осыны меңзеді. Екінші рет сайлауға түсу- түспеу туралы да пікірін де Жолдауда айтпақ. Әңгіме барысында, ресейлік саясаттанушылардың жер мәселесіне қатысты қаңқу сөздеріне де нүкте қойды. Әріптесім Асылбек Данияр толығырақ айтып береді.

Елдің тыныштығын бұзған "қаңтар оқиғасы" туралы ештеңені жасырмаймыз. Президент халық бар шындықты білетін болады, деді. Қазір ұсталған күдіктілердің ісі мұқият қаралып жатыр. Ал жазықсыз адамдар босатылуда. Жалпы айтқанда азаматтардың құқығынан асқан маңызды ештеңе жоқ екенін айтты. Қазір арнайы комиссия жұмыс істеп жатыр деді.

Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

Билік те, құқық қорғау органдары да олардың жұмысына араласпайды, мен де араласпаймын. Әрбір құқықбұзушылық дерегі бойынша шаралар қабылданады. Ақыры кінәлі адамдар жазаға тартылады. Әсіресе, қазіргі таңда ең маңызды мәселе деп айтуға болады мен үшін. Әрбір іс бойынша әділ шешім шығару мен үшін негізгі принцип болып табылады.

Елдегі жаппай тәртіпсіздік кезінде Қазақстанға Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымынан әскери көмек көрсетілгені белгілі. Ол бойынша түрлі пікір де тарады. Дұрысы: біз Ресейге де, басқа елдерге де қарыз емеспіз. Тағы да айта кететін нәрсе - шетелден келген күштік құрылымның бәрі Путиндікі емес деп, бұған сауалға нүкте қойды. Бұдан бөлек, Мемлекет басшысы көрші елдің саясаткерлерінің жерге қатысты сөздеріне де пікір білдірді.

Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

Иә, расында да кейбір ресейлік саясаткерлер Қазақстанның солтүстік облыстарындағы жерлер біздікі деп айтқан. Бірден кесіп айтайын бұл мәселе бойынша, бұл орынсыз пікір. Ресми билік яғни Кремль әрине бұл уәжді қолдамайды. Екі елдің басшылығы арасында жер мәселесіне қатысты ешқашан дау туындаған емес. Путин маған өзі айтты жер мәселесі туралы біз ешқандай әңгіме көтермейміз ресми деңгейде.

Жыл басталғалы орын алған басты өзгеріс кадрлық ауыс-түйіс. Үкімет құрамын жаңартты. Десе де, облыс әкімдері өз орнында. Қасым-Жомарт Тоқаев, аймақ басшыларын өзгерту мақсатым емес, дейді. Бірақ, олардың жұмысына талдау жасалатынын жеткізді. Әкім, демекші... Келесі жылы аудан әкімдерінің сайлауы пилоттық жоба ретінде өткізілуі мүмкін. Президенттің тағы бір айтқаны, наурызға жоспарланып отырған жолдаудан кейін өзгерістер болады.

Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

Енді түбегейлі өзгерістер болады деп айта алмаймын қазір. Бірақ, біраз өзгерістер болады. Бұл туралы мәжілісте сөйлеген сөзімде  айттым. Енді бастапқы да жаңа саяси реформаларды күзде жариялаймын деп ойлағанмын. Бірақ, саяси реформаларды наурыздың ортасында, халыққа жолдауымда ұсынатын болдым.

Көтертілген проблемалардың тағы бірі - шетелге заңсыз шығарылған ақшаларды қайтару. Мемлекет басшысы Үкіметке тапсырма берді. 2 ай деп мерзімін де нақтылап берген еді.

Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

Бұл мәселе бойынша ауқымды сараптама жасау керек, онсыз болмайды. Содан кейін шетелдегі тиісті мекемелермен келіссөздерге кірісеміз. Бұл өте күрделі және ұзақ жұмыс болмақшы, оны анық айту керек. Бірақ, әділдікке жету үшін осы жұмысты бастауымыз керек. Шетелге заңсыз шығарылған қаражатты елген қайтаруымыз қажет.

Президент ашық сұхбат жүргізуі тиіс. Бұл жаһандық практика. Расул Жұмалы енді бұл үрдісті үйреншікті тәжірибеге айналдыру керек, дейді. Өйткені бұл демократиялық қоғамға тән белгі деп қосты.

Расул ЖҰМАЛЫ, САЯСАТТАНУШЫ:
 
Жаңадан бірталай мәселелердің басы ашылды, рас. Енді барлығын негізінен толғандырып отырған "қаңтар қасіреті" жайлы меніңше, тұшымды жауаптар берілді. Елді мазалаған проблемалардың негізгілері көтерілді және оларға жауаптар берілді. Өзгерістерді заң жүзінде, байласты түрде біздің қауіпсіздікке, тұрақтылыққа нұқсан келтірмей жасау керек деген мәселе. Мен өз басым толықтай келісемін.  

Елнұр БЕЙСЕНБАЕВ, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ, "NUR OTAN" ФРАКЦИЯСЫНЫҢ МҮШЕСІ:

Мемлекет басшысының мұндай ашық сұхбаттары жиі болуы қажет. Сонымен қатар, ол жерде мейлі  маңызды мәселелер көптеп көтерілмесе де кішкентай дүниелерді Президенттің осылай тәржімалап түсіндіруі, бұл елдің бір сенімін сонымен қатар, Президенттің  сол мәселелерді білетіндігінің айқын көрінісі.

Қазақстан еріктілер лигасының төрайымы президенттің әкімдерді сайлау туралы бастамасы жайлы ойын білдірді.  

Айсұлу ЕРНИЯЗОВА, "ЕРІКТІЛЕР ЛИГАСЫ" ҚҚ ТӨРАЙЫМЫ:

Биыл ауыл әкімдерінің сайлауы өтті. Ендігі кезек - аудан әкімдерін сайлау. Мұны кезең-кезеңімен енгізу қажет. Бір күні демократиямыз қала әкімдерін сайлайтын деңгейге жетеді. Сол кезде кадр саны артады, соған жараса таңдау да көбейеді.

Президенттің сұхбатында көптің көкейіндегі біраз мәселеге тұшымды жауап айтылды. Мемлекет басшысының келесі сайлауға түсу-түспеуіне қатысты да сауал жолданды. Қасым-Жомарт Тоқаев бұл сұраққа наурыздағы жолдауында жауап болатынын жеткізді.

А. Данияр