Ақтөбе, Қостанай және Түркістан облыстарында ана мен бала өлімі көп. Бұл депутаттарды алаңдатып отыр. Бүгін халық қалаулылары Ақтөбедегі облыстық перинаталдық орталықта болып, жаңа нысанның жұмысымен танысты. Депутат Ғалымжан Елеуовтың айтуынша, соңғы жылдары Ақтөбе облысында ана өлімі үш есе өскен. Статистикаға шаққанда, 100 мың әйелдің жетпісі бала үстінде қайтыс болған.
Ғалымжан ЕЛЕУОВ, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ, «NUR ОTAN» ФРАКЦИЯСЫНЫҢ МҮШЕСІ:
Ана мен бала өлімі мен үшін үлкен проблема деп санаймын. Статистикаға бағынсақ, қазір республика бойынша сол статистика өкінішке орай, көтеріліп жатыр. Сондықтан, осындай нысандарды әр облыста, Қазақстан бойынша салу қажет. 1 келіден аз туған нәрестелер бар. Соларды қазіргі заманауи құрал-жабдықтармен оны емдеп, адам қылып шығаруға мүмкіншілік бар.
Ақтөбедегі бұл перзентхана былтыр желтоқсан айында ашылды. Бір мезгілде 200 аяғы ауыр әйелді қабылдай алады. Мұнда тәулігіне 25-30 сәби дүниеге келеді. Жылына 7 мың ана босанады. Орталық заманауи құралдармен жабдықталған. Мерзімінен бұрын дүниеге келген шақалақтарды күтіп-баптауға толық жағдай бар.
Динара ӘДІЛОВА, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ:
Жаңа роддомда өте жақсы, жағдайды жақсы қарайды, врачтар, акушерлер, медсестралар. Уақтылы бәрін жасайды, тексеріп отырады.
Г. Сейтенова