Спорт Қазақстан
$443.44 €480.51 ₽4.88
×

Ресей мен Украина арасындағы қақтығыстың ел экономикасына әсері

AstanaTV
24.02.2022ж. 20:00
2982
Ресей мен Украина арасындағы қақтығыстың ел экономикасына әсері

Украинадағы ахуал  ел экономикасына кері әсерін тигізуде. Ресей біздің негізгі сауда серіктесіміз екенін ескерсек, Ақ үйдің көрші елге салған санкцияларының салқыны бізге де тиері сөзсіз. Белгілі экономист Сапарбай Жобаев осындай пікірде. Оның айтуынша, екі ел арасындағы шиеленістен кейін, долларға сұраныс артқан. Ол  заңдылық дейді.

Сапарбай ЖОБАЕВ, ЭКОНОМИСТ:

Ресейге қолданылатын санкция, Ресей мен Украина арасындағы қақтығыстар ол ресейдің экономикасына әсер етеді да, ресейдің биржалық, кейін ресейдің рубілінің бағасы түседі. Ал енді Ресей біздің негізгі әріптесіміз болғандықтан біздің де жағдайымыз солармен байланысты.


Осылайша шетелдік валюта бірден 28 теңгеге қымбаттады. Салдарынан еліміздің  мегополистерде кейбір ақша айырбастау пункттері сауданы тоқтатты. Еуро саудасының да жағдайы осындай. Ал ресейлік сарапшылар әзірге нақты пікір білдіре алмай отыр. Өйткені алдағы өзгерістер Ресей мен Украина арасындағы ахуалға байланысты дейді.

Денис РАКША, САРАПШЫ:

Өздеріңіз көріп отырғандай рубльде үлкен өзгеріс бар.  Батыс елдері санкция жариялағаннан кейін нарықтағы баға тұрақталады деп ойлаймын.   Алдағы уақытта санкция қатаң болатыны сөзсіз, бұл нарықтағы рубль  тағы да құлдырайды деген сөз.  Ал, биржадағы валюта құлдырай бастағанда дер кезінде сатылымды тоқтатқаны бұл қалыпты жағдай.

Қара алтын бағасы да қымбаттады. Brent маркалы мұнайдың 1 баррелінің құны 100 доллардан асты. Бұл -соңғы 7 жылдағы ең жоғары көрсеткіш. Десе де сарапшылар теңгенің құнсыздануына мұнай бағасының әсері жоқ дейді. Қайта  бүгінгі күнге  дейін мұнай бағасының көтерілуі теңгені құлдыраудан сақтап тұрған.

Бұл қадам геосаяси жағдайдың ушығып кетуі кезінде бағаның тұрақтылығын қамтамасыз ету үшін жасалып отыр. Мұндай сценарий мен жоспар Ұлттық банк пен үкіметтің антикризистік шарасы ретінде қарастырылып, соның аясында іске асырылды.

Ресей мен Украина арасындағы қақтығыстың әсері  көрші елдермен арадағы сауда-саттыққа да салқынын тигізеді. Бұл өз кезегінде қымбатшылыққа әкеп соқтыруы әбден   мүмкін. Бұл сарапшылардың пікірі. Еске салайық былтыр ел импортының 40 проценті көрші Ресей мемлекетіне тиесілі болды. Ал   Украина мен Қазақстан арасындағы алыс-беріс 1 млрд долларға жеткен. Статистикаға сүйенсек, тиісті көрсеткіш 2020 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 30 процентке көп.

Ал Ұлттық банк бүгін кезектен тыс шешім қабылдап, базалық ставканы 10,25 проценттен 13,5 -ке дейін көтерді. Ақша-несие комитетінің бұл шешімі ел экономикасына сыртқы дағдарыс әсерінің алдын алуға, теңге активтерін сақтау және макроэкономикалық тұрақтылықты қамтамасыз етуге бағытталған.

Үкімет пен Ұлттық банк жуырда қаржы нарығын тұрақтандыру үшін "Теңгедегі салымдарды қорғау" бағдарламасын іске қоспақ. Бағдарлама бюджет қаражатының есебінен жеке тұлғалардың депозиттері бойынша өтемақы есептеуді көздейді. Оны «Отбасы банк» акционерлік қоғамы мен екінші деңгейлі банктер жүзеге асырады.  10 проценттік өтемақы 20 млн теңгеден аспайтын сомадағы көрсетілген салымдарға 1 рет есептеледі. Өтемақыға жеке табыс салығы салынбайды. Бағдарламаға қатысу үшін салымшылар салым орналасқан екінші деңгейдегі банкке барып өтініш беруі қажет.

Б. Сатуов