Ребрединг бұл партияның атын ғана өзгерту емес! «Nur Otan» партиясының кезектен тыс XXII-ші съезінде Қасым-Жомарт Тоқаев осылай деді. Президенттің сөзінше, соңғы 1 айда бас партия қызметіне талдау жүргізілген. Нәтижесінде ел басындағылар мен партиялықтар елеулі, түбегейлі өзгерістер қажет деген ортақ шешім жасаған. Сонымен, өзгерісті өзінен бастағалы отырған «Nur Otan»-да қандай жаңашылдықтар болмақ? Ел елеңдеп күткен жиыннан әріптесім Лаура Қуанышқызы толығырақ баяндайды.
Бас партияның кезектен тыс 22-съезін саяси ұйымның Атқарушы хатшысы Асхат Оралов ашты. Ол өз сөзінде партиялық бақылауды күшейту қажет деген ұсынысын жариялады. Сонымен бірге сайлау алдындағы уәделерді сапалы, уақытылы орындау үшін сайлауалды бағдарламаны қайта қарау керек ,деді.
Асхат ОРАЛОВ, «NUR OTAN» ПАРТИЯСЫНЫҢ АТҚАРУШЫ ХАТШЫСЫ:
Сәуірде республикалық сайлауалды бағдарламаның орындалуын пысықтау қажет, оның қорытындысы бойынша Мәжілістегі фракцияның кеңейтілген отырысын өткізу ұсынылып, онда Премьер-Министрдің есебі тыңдалады. Әрі қарай өңірлерде де осындай жұмыстарды жүргізуді ұсынып отырмыз. Мұны тәжірибеге жүйелі түрде енгізу қажет деп санаймын.
Асхат Оралов партия жауапкершілігін арттыру үшін «Жол картасы» бойынша әрбір бюро, бөлім мүшесіне нақты көрсеткіштер беруді жүктеу қажет деп санайды. Елдің әр аймағынан 399-ға жуық делегат қатысқан бұл жолғы жиынның мәні ерекше болды. Себебі, Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов 23 жыл «Nur Otan» деп аталған ұйымды бұдан былай «Аманат» деп өзгертуді ұсынды.
Ерлан ҚОШАНОВ, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ТӨРАҒАСЫ:
Бұл жерді және халықты ата-бабаларымыз сеніп тапсырды. Біз оны келер ұрпаққа табыстауымыз керек. Біз ұлт тұтастығын, халықтар татулығын, еңбекқорлықты болашақ ұрпаққа жеткізуге міндеттіміз. Осыған байланысты партияның атауын "Аманат" деп өзгертуді ұсынамын.
Лаура ҚУАНЫШҚЫЗЫ, ТІЛШІ:
Сөзін алғыс мерекесінің маңыздылығымен бастаған Президент «Nur Otan» партиясының атауын "Аманат" деп өзгерту ұсынысын қолдады. Партиялықтар да бұл атауды жылы қабылдады. Президент сөзден нақты іске көшу қажеттігін, бюрократиядан, қағазбастылықтан әлі де арылу керектігін атап өтті. Жиында мемлекет басшысы экономикамыздың тұғырын көтеру керектігіне тоқталып, Украинадағы жағдайға қатысты пікірін айтты.
Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ, «NUR OTAN» ПАРТИЯСЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫ:
Біздің ұстанымымыз мемлекетіміздің егемендігінің, аумақтық құндылығының қауіпсіздігін қамтамасыз етудің маңызды қажеттілігінен туындауы керек. 2010 жылы Еуропадағы Қауіпсіздік және Ынтымақтастық Ұйымы Саммитін өткізген ел ретінде біз еуразиялық қауіпсіздіктің бөлінбейтіндігі туралы қағидатын ұстанамыз. Қауіпсіздіктің бөлінбеуі және тұтастық қағидасы өзара сенімге негізделген түсіністікті талап етеді.
Осылай деген Президент бүгінде арақатынасы ұшығып тұрған «Ресей мен Украина ортақ мәмілеге келіп, келіссөздер үстеліне отыруы тиіс. Ал, еліміз мәселенің оңды шешілуі үшін кез-келген көмекті көрсетіп,саяси алаң ұсынуға дайын»,деді. Сондай-ақ, осындай қысылтаяң сәтте Қазақстан экономикасы санкциялық сын-қатерлерге тойтарыс беруге әзір болуы керек деп ескертті. Бұдан өзге,мемлекет басшысы енді елімізде аудан әкімдері сайланатынын айтты.
Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ, «NUR OTAN» ПАРТИЯСЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫ:
Жақын уақытта біз аудан әкімдерін тікелей сайлауға көшеміз. Бұл туралы мен өзімнің жолдауымда айтамын. Аудан әкімдерін сайлауды кейінге шегерудің қажеті жоқ деп ойлаймын. Процессті жылдамдату керек.
Осы орайда, Президент халықтың партияға деген сенімін күшейту қажет, деді.Сондықтан, бір жолғы семинар-тренингтерден депутаттарды, әкімдерді, министрлерді және өзге мамандарды оқытудың толыққанды бағдарламаларына көшуге шақырды. Тіпті,жүйелі негізде партия белсенділерін жергілікті жерлерде көшпелі оқыту қажеттігін ұсынды. Ал, партия нағыз халықтық ұйым болып қалуы үшін қажетті реформаларды алдағы Жолдауында жеткізбек.
Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ, «NUR OTAN» ПАРТИЯСЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫ:
Мен 16-наурызда саяси реформалардың жаңа реформасын ұсынамын. Қазір партиялар арасында бәсеке күшейе түсуде. Осы орайда, біз партиямыздың басты саяси күш ретіндегі рөлін сақтауымыз қажет.
Президенттің пікірінше, елді саяси кадрлар жетіспейді. Сондықтан, жас әрі қабілетті мамандарға мүмкіндік беру қажет. Осылайша, бас партия кадрларға арналған ұстаханаға айналуы тиіс, деді.
Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ, «NUR OTAN» ПАРТИЯСЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫ:
Бүгінде елімізде саяси менеджерлерді дайындау, шынын айтқанда, ақсап тұр. Қазіргі жағдайда саяси көшбасшылар әртүрлі мамандық иелерімен, жастармен, журналистермен, халқымыздың атынан шыққан әрбір адаммен сөйлесуі керек. Ал бізде мұндай адамдар біраз бар. Жалғыз мәселе – әлеуметтік лифтінің жоқтығы. Біз жас, қабілетті кадрларға жол бермейміз. Бұл – біздің үлкен кемшілігіміз.
Партия қоғаммен байланысты күшейтіп, коммуникация жасау үлгісін өзгертуі тиіс. Цифрлық демократия басымдылық берілуі шарт, деді. Жиында сөз алған депутат Саясат Нұрбекте цифрлық демократияға басымдылық берілсе деген ұсынысын айтты.
Саясат НҰРБЕК, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ, «NUR OTAN» ФРАКЦИЯСЫНЫҢ МҮШЕСІ:
Партияның қанша жинаған ақпараттарды біз толыққанды қолдана алмаймыз. Сондықтан, менің ұсынысым партия жұмысына жаңа алгоритмдерді сол ақпараттарды қорытып кез-келген партия мүшесі, кез-келген қазақстанның азаматын мұң-мұқтажын түсіну керек.
Иә, жиында Президент аймақтық филиалдардың жұмысын күшейтуді, бұқараның шағымынан өзге, ұсыныстарын да тыңдауды тапсырды. Сайлаушылардың құқығын қорғап, популизмен айналысуды тоқтау керек деп шегеледі.
Л. Қуанышқызы