$498.34 €519.72 ₽4.85
×

Бірқатар белсенділерге «Нұр Отан» партиясының билеттері табысталды

AstanaTV
28.06.2016ж. 20:00
1978
Бірқатар белсенділерге «Нұр Отан» партиясының билеттері табысталды

Еліміз бойынша «Нұр Отан» партиясы мүшелерінің қатары күн санап артып келеді. Алматы қаласының озінде 79 мыңға жуық партия мүшесі бар. Қалада 705 бастауыш партия ұйымы тұрақты жұмыс істейді. Бұл туралы бүгін Алматыда өткен партия қатарына жаңа мүшелерді қабылдау жиынында айтылды. 

«Нұр Отан» партиясы қалалық филиалының төрағасы Бауыржан Байбек денсаулық сақтау, білім беру, мәдениет, шағын және орта бизнес өкілдерінен құралған белсенділерге партия билеттерін табыстады. Олардың Елбасы, партия көшбасшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмаларын орындаудағы жұмыстарына табыс тіледі. Сондай-ақ жуырда бой көтерген партияның Бостандық ауданындағы жаңа ғимаратын аралады. Қоғамдық қабылдаулар өткізілетін кабинеттердің материалдық-техникалық базасымен танысты.

Бауыржан Байбек, «Нұр Отан» партиясы Алматы қалалық филиалының төрағасы, Алматы қаласының әкімі:

Соңғы 5 жылда Алматының аумағы екі есе өсті. Біздің қаламызда 500 мыңнан астам жеке көлік бар. Сондықтан жолға көп уақыт кетеді. Ал енді сегіз ауданның ішінде қазір 6 ауданда осындай «Нұр Отанның» өзінің жеке ғимараттары бар. Керемет, ыңғайлы, жағдайлар біздің халқымызға жасалған. Біздің негізгі мақсатымыз - «Нұр Отан» партиясы халықтың  мұң-мұқтажын, сұрақтарын біліп, қандай қиыншылықтары бар екенін  біліп, шешуге жағдай жасау.

Біләлдин Алияқпарұлы, Алматы полиграфия колледжінің директоры, «Нұр Отан» партиясының мүшесі:

Елбасының үкіметтегі қабылдап жатқан саяси шешімдері бұқара халыққа толық жетуі керек. Соны түсіндіріп, сол тілде жеткізе білу керек. Оның барлығы осы партияның мүшелерінің тірлігі, істейтін жұмысы. Сондықтан біз үлкен жауапкершілік аламыз.

Алматыда «Нұр Отан» партиясының қалалық филиалынан бөлек, алты ауданда қоғамдық қабылдау өткізілетін жеке ғимараттар бар. Мұнда алматылықтарды алаңдатқан мәселелер түбегейлі шешімін табады. Осы жылдың соңғы бес айында қалалық және аудандық филиалдарда жергілікті атқару органдары өкілдері мен мәслихат депутаттары  300-ге жуық қабылдау өткізді. Екі жарым мың адамның өтініштері қаралған.

Айгүл ЕРМАХАН