"Әр мәселенің артында адамдардың тұрмысы мен тағдыры тұр". Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов бүгін Премьер-министр Ералы Тоғжанов бастаған үкімет мүшелеріне осылай деді. Оның айтуынша, Парламент пен Үкімет, жергілікті билік бір кісідей жұмылып, қоғамда қордаланған мәселелерді шешуде жедел әрекет етуі қажет. Өйткені еліміз үлкен өзгерістер кезеңінде тұр деді.
Ералы Тоғжановтың айтуынша, депутаттардың өңірге сапары барысында екі мыңға жуық сұрақ көтерілген. Үкімет оны жан-жақты сараптап, қарады. Барлығы өңір тұрғындары үшін шешімін күтіп тұрған өзекті мәселе. Сұрақтардың негізгі блогы – нақты табысты арттыруға, кедейлік деңгейін төмендетуге қатысты дейді.
Ералы ТОҒЖАНОВ, ҚР ПРЕМЬЕР-МИНИСТРІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ:
Пандемия, жаһандық экономикалық дағдарыс халықтың кірісінің төмендеуіне әсер етті. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес әзірленген Халық табысын арттыру бағдарламасында азаматтар кірісін көтеруге бағытталған нақты шаралар қарастырылған.
Бюджет саласы және квазимемлекеттік сектордың 1 млн-нан аса қызметкерінің, сондай-ақ мемлекеттен қолдау алатын бизнестің 2,8 млн жұмысшысының жалақысын көтеріледі, Экономиканың барлық салаларында жаңадан ашылатын 2 млн жұмыс орындарының табысы артады. Көп балалы және мүгедек бала тәрбиелеп отырған аналарға жыл сайын 20 мың жұмыс орындарын құру ескерілген. Сондай-ақ,160 мың жасты жұмысқа тартукөзделіп отыр.
Ерлан ҚОШАНОВ, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ТӨРАҒАСЫ:
Әр мәселенің артында адамдардың тұрмысы мен тағдыры тұр. Осыны әр депутат, министр мен жергілікті билік өкілдері терең түсінуге тиіс. Қазір еліміз үлкен өзгерістердің алдында тұр. Президент ірі саяси реформалар жариялады. Ол реформалар қарқынды жүзеге аса бастады. Ал біз – Парламент, Үкімет, жергілікті билік, бәріміз бір кісідей жұмылып, қоғамда қордаланған мәселелерді шешуде жедел әрекет етуіміз қажет.
Мәжіліс төрағасының айтуынша, проблемалардың бәрі нақты әрі жүйелі түрде шешілуі тиіс. Әрбір мәселе депутаттардың жіті бақылауында болады. Соңғы күндері өңірдегі ұн өндірушілер шикізат жоқ, өндіріс тоқтайды деп дабыл қағуда. Бірақ, ауылшаруашылығы министрінің айтуынша, алаңдауға негіз жоқ.
Ербол ҚАРАШӨКЕЕВ, ҚР АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫ МИНИСТРІ:
Бізде Қазақстанға жарты жылға жететін ұн бар. Оның үстіне астық та бар. Қажет болса, ұнға айналдыра аламыз. Қарапайым ғана мысал келтірейін. «Азық-түлік корпорациясының» қамбасында 800 мың тонна астық бар. Оны ұнға айналдырсақ, Қазақстанға қажет ұнның 2 жарым жылдық қорын алуға болады.
Ал, дәрі-дәрмек тапшылығы бойынша, министр Ажар Ғиният жұртты даурықпауға шақырды. Украинадан келетін дәрілерді екі айдың ішінде басқа мемлекеттерден сатып аламыз. Осылайша мәселе маусым айында толық шешіледі деді.
Б. Сатуов