$494.87 €520.65 ₽4.91
×

Жамбылда жоғалған сарбаздың денесін жақындары тауып алды

AstanaTV
11.04.2022ж. 20:00
1369
Жамбылда жоғалған сарбаздың денесін жақындары тауып алды

Жамбыл облысында жұмбақ жағдай. Әскерде жүріп, жоғалып, араға бір ай өткенде денесі табылған сарбаздың өліміне қатысты қылмыстық іс қозғалды. Құзырлылардың дерегінше мәйіттен зорлық-зомбылық белгілері табылмаған. Марқұмның ет жақындары болса, оны кісі қолынан қаза тапты деп отыр. Отан алдындағы борышын өтеуге аттандырған ұлдары "өз өзіне қол жұмсады" дегенге мүлдем сенбейді. Сарбаздың денесін сараптамадан өткізу үшін Таразға алып келді.

Сарбаз Ұлықбек Бердішев былтыр күзде Ұлттық қауіпсіздік комитеті шекара қызметінің «Андас батыр» бөліміне қабылданған. 19 жастағы бозбала қызылорда облысынан келген. Соңғы рет, яғни 2-ші наурызда қатарластары оны әскери бөлімге тиесілі ат қорадан көрген. Артынша оны жан баласы таба алмай қалды. 39 күннен кейін Қырғызстандағы тау басынан мәйітін тауып алды.

ҚР ҰҚК БАСПАСӨЗ ҚЫЗМЕТІ:

10 сәуірде ШҚ Жамбыл облысы бойынша департаментінің бастамасымен табылған заттардың орнын қарау үшін шекара өкілдігімен кездесу ұйымдастырылып, оның барысында Ұ.А. Бердішовтың мәйіті табылды. Осы факт бойынша Қырғыз Республикасы Шу облысы Панфилов ауданының АІІБ тергеу іс-шараларын бастады. Алдын ала диагнозы: механикалық асфиксия, зорлық-зомбылық әрекет белгілері жоқ.

Қазір екі елде де адам өлімен қатысты қылмыстық іс қозғалып, тергеу амалдары басталып кетті. Із-түссіз кеткен сарбаздың іскери киімін  осыдан үш күн бұрын көрші елдің малшысы таудан тауып алып тәртіп сақшыларына хабар берген екен. Оны естіген туыстары Қырғызстанға барып қойшымен жолығып, заттары табылған жерге жол көрсетуін сұраған. Тау басына шыққанда ұлдарының мойнына жіп байланған денесін тапқан.

Бауыржан МЕРЕКОВ, САРБАЗДЫҢ НАҒАШЫ АҒАСЫ:

Басынан тасқа байлап қойыпты. Бала былай салбырап тұр, қиғашынан былай жатыр. Ісініп кеткен расында да, иісі шыққан баланың. Ол енді бір айдан бері сол жерде ілініп тұрған балаға мүлде ұқсамайды. Баланы өлтіріп алғанға ұқсайды.

Сарбаздың денесі Қырғызстанда табылғандықтан, сол елде сараптамадан өткен екен. Бірақ көрші ел мәйіттің денесінде соққы іздері жоқ деген қорытынды шығарыпты.

Берік ЖҰМАБАЙ, ТІЛШІ:

Алайда бұл шешіммен марқұмның туған-туыстары келіспей отыр. Олар енді Тараз бен Қызылордаға барып қайта сараптамадын өткізбек. Ал оның қорытындысы бір айдан кейін белгілі болмақ.

Б. Жұмабайұлы