$494.87 €520.65 ₽4.91
×

Атырауда 57 мектеп пен балабақша директорының орны бос тұр

AstanaTV
18.04.2022ж. 20:00
3245
Атырауда 57 мектеп пен балабақша директорының орны бос тұр

Атырау облысында 57 білім ұйымында басшы жоқ.   Бұл – білім сапасына кері әсер ететін  алғашқы фактор,- дейді мамандар. Сондай-ақ, мектепте жұмыс істегісі келетіндер азайған.  Мұның себебі неде? Директор болуға лайықты кадр жоқ па? Мұғалімдер неге сабақ беруден қашады? Базаргүл Нәдірқызы оған жауап іздеді.

Атырау облысында  57 мектеп пен балабақшада директор жоқ. Олардың міндетін уақытша орынбасарлар атқарып отыр.   Мұны білім саласындағы сапаны қамтамасыз ету департаменті бақылау іс-шарасы кезінде анықтаған.  

Гүлнәз СҮЛЕЙМЕНОВА, АТЫРАУ ОБЛЫСЫ БІЛІМ САЛАСЫНДА САПАНЫ ҚАМТАМАСЫЗ ЕТУ ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ БАСШЫСЫ:

Бұл бір жағынан үлкен білім сапасына әсер ететін ең бірінші фактордың бірі. Сол  жердегі оқу процесі ақсайтын жағдай. Сондықтан да көпшілігі мектеп басшылығынан  қашатын жағдай көп болады. Болғысы келмейтін. Жауапкершілікті алғысы келмейтін жағдайлар.  


Ал жауапкершіліктен қашпай, басшы болуға ұмтылғандар тест сұрағынан сүрініп жатыр. Қалалық білім беру бөліміндегілердің айтуынша, бұрын сауалнаманың 50 пайызын тапсырғандар  директор боп тағайындалса, енді 70 пайызына дұрыс жауап беруі тиіс.

Ақмарал ЕРМЕКОВА, АТЫРАУ ҚАЛАЛЫҚ БІЛІМ БӨЛІМІНІҢ СЕКТОР МЕҢГЕРУШІСІ:
 
Педагогика, психология мен  білім туралы заңдылықтардан тапсырды ғой.  Және қазіргі кезде көтерілді, 70 пайыз өту керек. Тест қиындап кетіп  тест сұрақтарынан өтпей жатырған  директорларымыз бар.  Екінші рет мүмкіндіктерін пайдаланып, екінші рет тестке барады. Содан кейін өткеннен кейін тағайындалатын болар.


Қазір «Жол картасы»  аясында мұғалімдер арасынан мектеп басшысына резервтер дайындалуда. Бірақ  ол да мәселені шешуге көмектеспей отыр. Аймақ мектептері директорларға ғана емес, мұғалімдерге де жарымауда.  Мәселен, екі мыңнан астам оқушы білім алатын 30 мектеп –гимназиясында орыс тілінде білім алатын бастауыш сынып мұғалімдері екі ауысыммен жұмыс істеуге мәжбүр.  Өйткені оқытушы тапшы.

Гүльфия ЕСҚАЙЫРОВА, № 30 МЕКТЕП-ГИМНАЗИЯСЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ:

Маман қабылдауға жыл ішінде бірнеше рет конкурстық ұсынымдар жарияладық. «Еңбек кз»  арқылы өтінімдер бердік. Бірақ бүгінгі күні  бір де бір маман орыс сыныптарына келген жоқ. Және ешкім ниет білдірген жоқ. Орыс сыныптарында математика пәнінен 4 мұғалім. Тарих пәнінен 4 мұғалім,  бастауыш сыныптарға орыс тілінде білім беретін бастауыш сыныптары үшін 8 мұғалім қажет, сондай информатика пәнінен 1 мұғалім, физика пәнен 2 мұғалім қажет.

Мұғалімдерді қағазбастылықтан арылтпай, маман тұрақтамайды,- дейді  бұрынғы ұстаз Балауса Нысанова. 10 жыл бойы орыс сыныптарына математикадан сабақ берген ол директордың орынбасары лауазымында жүріп, жұмыстан өз еркімен кеткен. Мұғалім қағазбен емес, балалармен жұмыс істеген кезде ғана сүйікті жұмысыма ораламын,- дейді.

Балауса НЫСАНОВА, АТЫРАУ ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Мектептен кеткен себебім – бітпейтін қағазбастылық, біріншіден. Екіншіден атқарған жұмысыңа төленетін еңбекақы сәйкес келмейді. Үшіншіден, мектепте баланың тым көптігі. 600 балаға арналған мектепте  екі мың, екі мың жарым бала оқиды.  Бұл мұғалім үшін де, мектеп басшылығына өте үлкен жауапкершілік. Мен баламен жұмыс істегенді өте жақсы көремін, бірақ ол мүмкін емес, уақытымыз қағаз кемірумен өтеді. Жұмыста үлгере алмай, үйге алып кетеміз. Және мұғалімге тапсырма мен бұйрық беретін басшы көп.


Қазір өңірдегі мектептерге 650-дан астам маман керек. Олардың ішінде орыс сыныптарына білім беретін бастауыш, математика, физика, химия мұғалімдері өте тапшы.    

Б. Надірқызы