Спорт Қазақстан
$447.4 €477.55 ₽4.76
×

Атырау облысында мектеп оқушысын аяусыз ұрып тастаған

AstanaTV
24.05.2022ж. 20:00
2320
Атырау облысында мектеп оқушысын аяусыз ұрып тастаған

Атырау облысында мектеп оқушысын жоғары сыныптың бірнеше баласы аяусыз ұрып тастаған. Сау-тамтығы қалмаған 15 жастағы бала  қазір ауруханада жатыр. Келеңсіздік облыс орталығынан 200 шақырым қашықтағы Исатай елдімекенінде болған. Алақандай ауылдағы қатыгездікке не себеп болды? Бұл - мектеп оқушылары арасындағы әлімжеттік пе? Аймақтағы әріптесімнің репортажы.

Бауыр еті баласының сау-тамтығы қалмаған денесін көрген анасы өзін қоярға жер табар емес. Жасөспірім «футбол ойнап  жүріп, құлап қалдым,- деп, болған жайтты анасынан алғашында жасырған. Анасы оның соққыға жығылғанын, аяғын баса алмай қалған кезде бір-ақ білген. Дереу полицияға шағымданып, оқушыны дәрігерлер бірден облыс орталығына алып кеткен. Ақ халаттылар науқастың ауруханаға түскендегі жағдайы ауыр болғанын айтады.  

Гүлмира МЕРҒАЗИЕВА, АТЫРАУ ОБЛЫСТЫҚ БАЛАЛАР АУРУХАНАСЫ ХИРУРГИЯ БӨЛІМШЕСІНІҢ МЕҢГЕРУШІСІ:

Қол жағын ісіріп қойған соғып,  аяғын ісіріп қойған соғып, бөтеке жағын соққан, кеудесін соққан балалар.Түскенде бәрі ісік болды ол жерде.  Диагнозы множественный ушибы мягкий ткани правого плеча, берда и грудной клетки. Ар жағында разрыв органов құдайға шүкір жоқ. Қазіргі жағдайы жақсаруда бала.

Ұлының денсаулығына алаң анасы, мектеп басшылығының бейқамдығына ашулы. Гүлзада Мұсағалиеваның айтуынша білім ошағы 9-сынып оқушыларының әлімжеттік жасап жүргенін біле тұра көз жұма қараған.

Гүлзада МҰСАҒАЛИЕВА, ИСАТАЙ АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Әлімжеттік қой. Жоғары сыныптың балалары соғып,  мына істі сен достарыңды сатпайсың деп өз достарына тептірген екен. Үстін шешіндерген. Көк ала қойдай болғанын көрсеткен. Балалардың жаза алуын, мектеп ұжымының да  осыған жеңіл-желпі қарағаны үшін жазалануын талап етемін.

Мектеп басшылығының айтуынша,  оқиға сабақтан тыс уақытта болған. 9-сынып оқушылары алдымен сыныптасының үйіне жиналыпты.  Соққыға жығылған 8-сынып оқушысы да көбіне осы балалармен бірге жүретін деді.

Айгүл ӘДІЛОВА, ИСАТАЙ ОРТА МЕКТЕБІНІҢ ДИРЕКТОРЫ:

Балалармен сөйлесіп жатырмыз. «Сөзіне  тұрмайды. Уәдесіне тұрмайды. Айтқан сөзінен тайқиды. Сол себепті ұрдық»,- дейді.  Менің қолымдағы мәлімет бойынша, 9 бала жаңағының ішінде болған. Қарап тұрғаны бар. ұрғаны бар. Бірақ үйіне кеткеннен кейін де ата-ана қарау керек қой.  

Қазір болған оқиғаға қатысты Қылмыстық Кодекстің «Денсаулыққа қасақана ауырлығы орташа зиян келтiру» бабымен іс қозғалды. Аудандық полиция бөлімі тергеуді бастап кетті.

Мейірім ЕРДӘУЛЕТ, АТЫРАУ ОБЛЫСТЫҚ ПОЛИЦИЯ ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ БАСПАСӨЗ ХАТШЫСЫ:

2007 жылы туылған жсөспірім оқушы баланың таяқ  жегені, соғылғаны туралы ата-анасы полицияға арызданған. Аталған фактіге күдікті ретінде сол мектептің 9 сынып оқитын екі оқушысы анықталды қазіргі таңда. Қылмыс бойынша ҚК 107 бабымен сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды. Қажетті сараптамалар тағайындалды.

Полиция әзірге күдікті ретінде  екі оқушыны атап отыр. Ал қасында болған өзге жасөспірімдердің қылмысқа  қатысы бар-жоғын тергеу анықтайтын болады. Егер олардың кінәсі дәлелденсе, ата-аналарына екі мың айлық есептік көрсеткішке дейінгі мөлшерде айыппұл салынбақ. Немесе үш жылға дейiнгi мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы көзделген.

Б. Надірқызы