Спорт Қазақстан
$443.85 €474.3 ₽4.8
×

Ешқандай санатқа жатпайтындар қалай баспаналы болмақ?

AstanaTV
27.05.2022ж. 20:00
1677
Ешқандай санатқа жатпайтындар қалай баспаналы болмақ?

Қазақстанда 608 мың адам тұрғын үйге мұқтаж. Бұл – еліміздің құрылыс және тұрғын үй коммуналдық шаруашылық істері комитетінің берген мәліметі. Тізімге алынғандардың бәрі -  әлеуметтің осал топқа жататындар.  Ал, ешқандай санатқа енбейтіндер қалай баспаналы болмақ? Мемлекет оларға қандай амал ұсынады?  Бағдарламалардың қайсысы тиімді? Толығырақ алдағы бейнематериалда.

Елордалық  Мұхаммед баспана алуды 6 жылдан бері армандап жүр. Бармаған жер, баспаған тауымыз қалмады дейді.

Мұхаммед ЕҢЛІК, НҰР-СҰЛТАН ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

20 процентке бермейді ол өтірік.  Табысыңыз көп болуы керек. 300-500 мың айлық ақша болуы қажет екен. Қазір   100-200 мың артық айлық жоқ.


Ешқандай әлеуметтік топқа жатпайтындықтан, олар мемлекеттік тұрғын үй кезегіне тұра алмайды. Ипотека алайын десе, алғашқы жарнасы жоқ. Елордалықтардың айтуынша,  көбінің тапқан табысы жалдайтын үйдің ақысы мен азық-түліктен артылмайды.

Гүлхан ЖҰМАНИЯЗОВА, НҰР-СҰЛТАН ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

150 мың қараңызшы отбасына тамағын алып келе ма, или ипотекаға жинай ма.  барлық зат қымбат. 100 мың ар жағында садигы бар, жетпейді конечно.


Жауаптылардың айтуынша, мұндай  санаттағыларға бастапқы жарнасыз үй алудың еш амалы қарастырылмаған. Жалғыз жолы қаражатты жинастыру дейді.  Ең тиімді деген «Нұрлы жер» бағдарламасының өзінде үй құнының 20 пайызы депозитте жатуы керек.    

Азамат СӘБИЕВ, «ОТБАСЫ БАНК» №1 ҚЫЗМЕТ КӨРСЕТУ ОРТАЛЫҒЫНЫҢ БАСШЫСЫ:


Алғашқы жарнасы 20 % және пайыздық мөлшері 5 %. Бұл жерде үй алу үшін, ол үйге конкурстан өту үшін салымшының жақсы депозиті болуы керек. Жақсы депозит дегеніміз айма-ай салынған, жиналған депозит.


Жалпы жыл басынан бері елімізде баспана сатып алушылардың саны азайған. Ұлттық статистика бюроның берген мәліметінше, сәуір айында сату және сатып алу бойынша 52 520 мәміле тіркелді. Бұл наурыз айымен (67 801) салыстырғанда 22,5%-ға кем. Тұрғын үй нарығындағы мәмлелердің өткен жылғы сәуірмен салыстырғанда ең көп кемуі Маңғыстау облысында тіркелді - 48,9%.

Экономикалық шолушы Әнуар Нұртазин, мемлекеттік тұрғын үй бағдарламасының қай-қайсысы да жан-жақты ойластырылмаған дейді. «Бәрі де халықтың тұрақты, әрі жоғары табысы бар бөлігіне арналған.

Әнуар НҰРТАЗИН, САРАПШЫ:

«Ұмай» ипотекасының өзі әбден ойластырылмаған. Несие айына 600 мың теңге табыс табатын әйелдерге беріледі. Бұл меже өте жоғары. Себебі, аймақтарда орташа жалақы 80-85 мың теңге екені бәрімізге белгілі. Демек, халықтың көп бөлігі тағы да бұл несиеден тыс қалады. Ал, «7-20-25» бағдарламасын алсақ, мұнда кіріс пен тәуекелдер әділетсіз бөлінген. Бағдарлама бюджеттен субсидияланғанымен, несиені алатындар тағы да табысы жоғары азаматтар.

Осыған орай, сарапшы елде тез арада ипотекалық емес, құрылыс бағдарламасын жасап шығару керек деп есептейді. Ол бағдарлама шеңберінде тұрғын үйлерді патерналистік тәсілмен үлестіріп, ешқандай санатқа жатпайтындарды мейілінше көбірек қамтуға болатынына сенімді.

Әсел ДҮКЕМБАЕВА, ТІЛШІ:

"Тиімді бағдарлама" халыққа тиімсіз бе? Мамандардың айтуынша, 7-20-25 бұл санат қарастырмайды. Бар болғаны қалтаңызда алғашқы жарнасы болса болғаны. Одан соң жоғары кірісті талап етеді. Сол кезде баспаналы бола аласыз. Алайда, бұл қарапайым халықтың емес, орта тапқа ұйымдастырылып жатқан бағдарламалар дейді сарапшылар. Қалтаңызда алғашқы жарна болмаса, үкімет ұсынған жалдамалы пәтерге өтініш тастап, айына аз мөлшерде төлеп, алғашқы жарнаны жинауға кеңес береді. Бірақ Сіз жинағанша, пәтер құны қымбаттап кетпесіне ешкім кепілдік бере алмайды.  

Ә. Дүкембаева