Арзан қант іздеген оралдықтар алаяқтарға жем болуда. Өйткені өңірде шекер әлі тапшы. Ал қысқа қамданған халық қапшықтап сатылар құмшекер іздеп, сауда орталықтары мен базарларда сабылып жүр. Арзан қант іздегендердің осал тұсын алаяқтар да пайдаланып қалып жатыр. Полиция дерегінше, құмшекер сатамын деп халықтың қалтасын қаққан алаяқтарға қатысты қылмыстық іс қозғалған. Тілшіміз толықтырады.
Қазір базарда жеміс-жидек пен көкөніс арзан. Бірақ түрлі қайнатпа жасап, қысқа қамдану үшін қант тапшы. Дүкенде адам басына 2-3 келіден ғана сатылатын құмшекер банкі жабуға жетпейді.
Сара ҮМБЕТЬЯРҚЫЗЫ, ОРАЛ ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:
Жақында 25 килограмдық секерді 16 мың теңгеге алып едім. Бүгін барсам, 200 теңгеге қымбатсып кеткен. Жылда 300 банкі жабатын едім. Биыл 100 банкі жабатын шығармын. Секер қымбат.
Халықтың қант қанша қымбаттаса да, сатып алуға әзір екенін алаяқтар да жақсы біледі. Қазір ондайлар интернет арқылы түрлі хабарландыру беріп, аңқау елді алдап, табыс тауып жатқан көрінеді.
АЛАЯҚ:
Біз Шымкент қаласынанбыз. Қанттың килограмы- 340 теңге. Қаласаңыз бірнеше тонна қантты Оралға тегін жеткізіп береміз. Бірақ жеке куәлігіңіздің суретін жіберіп, тауардың жарты ақшасын алдын-ала аударасыз. Қалған ақшаны кейін төлейсіз. Содан кейін сізге есепшілеріміз құжаттарды жібереді.
Полицейлер мұндай көлеңкелі істі әшкерелеу оңай емес дейді. Өйткені алаяқтықтың бұл түрі бүгінде халықаралық деңгейге жеткен. Яғни, басқа елдегі пысықтар азаматтардың жеке куәлігін пайдаланып, интернет арқылы несие рәсімдей алады. Сондықтан арзан құмшекермен қуантамын дегендерге сенбеуді сұрайды.
Ілияс МҰҚАНОВ, БҚО ПД КРИМИНАЛДЫҚ ПОЛИЦИЯ БАСҚАРМАСЫНЫҢ ЖЕДЕЛ УӘКІЛІ:
Хабарландыру сайты арқылы 5 қапшық құмшекер сатып алмақ болған оралдық бір азамат алданып қалды. Алданғанын ақшасын аударып жіберген соң, бір білген. Келген шығын - 30 мың теңге. Қазір сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды.
Полиция дерегінше, бүгінде интернет-алаяқтық өршіп барады. Өйткені алданушы барда алдаушы қашан да табылады. Мысалы, 2017 жылы небары 26 интернет-алаяқтық тіркелсе, былтырдың өзінде бұл қылмыс 26 есеге көбейіпті. Бұған дейін елді банк қызметкерімін деп алдайтындардың қатарына енді «қант саудагерлері» қосылды.
Е. Карин