Қостанайдағы нөмірі 61-ші балабақша қызметкерлері тәртіптік жауапқа тартылды.Баланы жұлқып орындықтан құлатқан тәрбиеші жұмыстан қуылды. Қалалық білім бөлімі осылай хабарлады. Оқиғаның қалай болғаны бейнебақылау камерасына жазылып қалған. Бейнежазбадан балалардың стол басында отырғанын, сәлден соң бөлмеге тәрбиеші кіріп, бос орынға жайғасқанын көруге болады. Онан кейін ол өзіне қол созым жердегі баланың орындығын жұлқи тартып қалады. Бала жерге құлайды. Кейін белгілі болғандай баланың құлағанда бұғанасы сынған. Алайда полиция бұл оқиғаға байланысты іс қозғамай отыр, дейді бүлдіршіннің анасы.
Дана МАҒАУИНА, БАЛАНЫҢ АНАСЫ:
Тәрбиеші бірнеше рет кешірім сұрады.Бірақ баланы не үшін жұлқығанын түсіндіре алмады.Біз дереу полицияға жүгіндік.Арыз жаздық.Бірақ қылмыстық іс қозғалмайтыны жөнінде жауап келді.
Қалалық білім бөлімінің басшылары балабақша қызметкерлеріне қатысты тиісті шара қолданылғанын хабарлады. Сондай-ақ басқа бөбекжай меңгерушілері мен қызметкерлер арасында түсіндіру жұмыстары жүргізілді дейді.
Бибі ҚАРЫБАЕВА, ҚАЛАЛЫҚ БІЛІМ БӨЛІМІ БАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:
Балабақша қызметкерлеріне қатысты тиісті шаралар қолданылды. Шілденің бесінен бастап тәрбиеші жұмыстан қуылды. Сонымен қатар балабақша меңгерушісі де тәртіптік жауапқа тартылды.
З. Санай