Спорт Қазақстан
$445.66 €474.58 ₽4.78
×

Адамдарды онлайн емдейтін заманауи емшілер

AstanaTV
12.07.2022ж. 20:00
1450
Адамдарды онлайн емдейтін заманауи емшілер

Онлайн ем қабылдап көргенсіз бе? Бұрын хабарыңыз болмағаны анық, бірақ пандемия келгелі осындайды да еститін болдық. Бұл бұл ма, онлайн емшілер де пайда болған. Қазір телефонның арғы жағында отырып-ақ шыққан қолды салатын, дертіңе дауа тауып беретіндер көп. Адамның суретіне қарап, «ауруыңды жазамын» дегендерге сенуге бола ма? Тілшіміз Аружан Задабек тәуіппен тілдесіп, шағын эксперимент жасап көрген еді. Сюжеттен көрейік.

Аружан ЗАДАБЕК, ТІЛШІ:

Қазір онлайн адам емдейтін емшілердің дәурені жүріп тұр. Әлеуметтік желіде қашықтан қабылдаймын деген жарнамасын оқып бір емшіге хабарласқан едік. Ол суретім мен алдын-ала төлем жасауды сұрады. Сурет жіберілді, ақша төленді. Енді хабарласып көрейік.

Алдымен тілшілік тіршілігімді жасырып, "иығым маза бермей ауырып жүр" дедім.

Сіздің жауырыныңыз жабысқан. Қатты жабысқан. Жауырыныңызды ашу керек. Қазір маған 1 стаканға су құйып суретке түсіріп жіберіңіз ватсапқа. Мен сізге сол суды оқып беремін. Соған тұз араластырып жауырыныңызға жағасыз.

Жасыратыны жоқ жуырыныңды онлайн ашып беремін дегенде біраз таңданып қалдым. Қызық мұнымен бітпеді. Беттің арын белге байлаған әйел енді денсаулығың мазаламайтындай етіп оқып беремін деп уәде берді. Тек өзі айтқан «ставкасын» берсем болғаны.
 
10 мың теңге болады, 10 мың теңге. 10 мың теңге? Иә, 2 күн, 3 күнде емдеп шығамын.

Құмалақ құт әкелмейтіні белгілі. Сондықтан ашылмай жүрген бағыңызды бірер минут iшiнде «ашып», жоғалтқан жоғыңызды «тауып», ауырған басыңызды «жазып», болашағыңызды болжайтындардан, дін өкілдері аулақ болуға шақырады.  

Азамат АҚТАНОВ, «ӘЛЖАН АНА» МЕШІТІНІҢ НАИБ ИМАМЫ:

Онлайн түрде де осындай бір әртүрлі, шариғатымызға, ислам дініне қарсы келетін жолдармен ақша тауып, адамдарды алдап, арбап, тіпті осы арқылы дінге де қарсы шығып кеткен кісілерді қоғамда көріп жатамыз. Сондықтан , әлбетте, мұндай нәрселерге дініміз қарсы.

Ал, психотерапевт Лаура Жексембаева адамдар көріпкелдің алдына өмірден соққы алып, өзегі талғанда, байлығынан айырылып, бақытын жоғалтқанда көп баратынын айтты. Сондай-ақ, маман ем іздеп тәуіп аралап жүргендердің көбеюі тұрғындардың психологиялық тұрғыдан сауатсыз екенін көрсететі дейді.

Лаура ЖЕКСЕМБАЕВА, ПСИХОТЕРАПЕВТ:
 
Адам тіректі сырттан іздей бастайды. Яғни, қандай да бір бақсы оған «мен сенің мәселеңді шешіп беремін, көмектесемін» - деп үміт сыйлайтын болса ол адам тез монипуляцияға ұшырап, оның айтқанынын барлығын істеуге көндігеді.

Ем іздеймін деп қалтадан қағылып жүрген жұрт балгерге барар алдында соқыр сенімнің жетегінде қалай кетіп қалғанын байқамай қалады. Ал, дәл осылай көпті алдайтын көріпкелдерге құрық салатын заң әзірге біздің елде болмай тұр.
 
А. Задабек