$479.38 €531.63 ₽5.27
×

Интернеттен қант аламын деп миллион теңгесінен қағылды

AstanaTV
14.07.2022ж. 20:00
2082
Интернеттен қант аламын деп миллион теңгесінен қағылды

Орал тұрғыны интернеттен қант аламын деп миллион теңгесінен айрылды. Бүгінде қат тауарға айналған шекердің дүкен мен базарды қойып, желіде де саудасы қызып тұр. Қант аламын деп миллиондарынан айырылғандар енді қайтпек?  Тапшылық мәселесімен жауапты министрлік қалай күресіп жатыр? Жұрт дүкен сөрелерінен таппай жүрген құмшекердің интернеттегі көз сүрінетін жарнамасының бірқатарына әріптесім хабарласып көрді.

Әлеуметтік дүкендердегі қантқа талас, желіде күн сайын шығып жүр. Мына кадрлар Қарағандыға қарасты Майқұдықтағы супермаркеттердің бірінде түсірілген. Талас соңы тартысқа ұласып, жағдай шиеленіскен соң тәртіп сақшысын шақыртуға мәжбүр болған.

Жауапты министрлік жағдайға қанық. Олар дүкендердегі таласқа, ондағы бағаның арзан болуы себеп дейді. Өйткені тауар жергілікті тұрақтандыру қорларынан жеткізілген соң, бағасы да қолжетімді деп отыр.  

Дамир ЕГІЗБАЕВ, ҚР АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҚ МИНИСТРЛІГІНІҢ БАСПАСӨЗ ХАТШЫСЫ:

Тұрақтандыру қорлары сататын қантқа жоғары сұраныс бар, алайда барлық сауда нүктелерінде, базарларда нарықтық бағамен еркін сатылып жатыр. Сондай-ақ, отандық қант зауыттарында қант өндіріс үздіксіз жүзеге асырылып жатыр. Маусымда шикі құрақтан қант өндіру шамамен 38 мың тоннаны құрады. Шілдеде 37 мың тонна өндіру жоспарланып отыр.

Демек министрліктің пайымынша тапшылықты бұқара өзі жасап отыр.

Әсел ДҮКЕМБАЕВА, ТІЛШІ:

Қазір біз елордадағы дүкендердің біріндеміз. Қанттың бағасы шамамен 600 бен 800 дің арасында сатылып жатыр. Ал қаланың кейбір ірі дүкендерінде қант мүлде жоқ. Осыдан болар құмшекер ғаламторда ашық саудаға түскен. Онда шектеу жоқ, бағасы да осы дүкендегідей. Тіпті арзандары да бар.  

Қант тапшылығы мен бағаның күрт өсуі, алаяқтардың оң жанбасыан келіп тұр. Интернетті ашсаңыз, қант сатамын деген жарнамадан көз сүрінеді. Келісін бар жоғы 200 теңгеге сататындар да табылды. Сатушы WhatsApp желісі арқылы байланысуды сұрады. Хабарласып көрдік, қызығы кез-келген жағдайға келісіп, тіпті құжат дайындап береміз, алдын ала төлем жасасаңыз болғаны дейді.

ҚАНТ САТУШЫ:

20 қап алатын болсаңыз, алдымен келісім-шартқа отырамыз. Сосын кез-келген қалаға жеткізіп береміз. Бірақ алдымен  бізге төлем жібересіз, шамамен жарты ақшасын. Реквизит жібереміз соған аударасыз. Ал біз Сізге қантты жібергенімізді айғақтайтын фотолар жібереміз.   

Полицейлердің айтуынша, қант алаяқтарын анықтау оңай емес. Олар мұқият жасырынады немесе мүлдем басқа елде болады дейді. Соңғы уақытта Оралда қант сатқан белгісіз адамның үстінен бірнеше адам арыз түсірген. Барлығы қант аламын алданып қалғандар.  

Лунара АМАНҒАЛИЕВА, БҚО ПД БАСПАСӨЗ ҚЫЗМЕТКЕРІ:

Облысымыздың 1993 жылғы тұрғыны азаматы. Осы Орал қаласының тұрғындарынан, яғни 60 қап қант әперемін деп 1 млн теңге көлемінде алдаған. Тағы бір тұрғынынан 20 қап 320 мың теңге алып алдаған. Қазіргі уақытта ол азаматтың басқа да қылмыстарға қатыстылығы анықталды. Сондай-ақ қылмыстық кодексінің 190 бабы алаяқтық бойы бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды. Аталған күдікті қамауға алынды.

Ал кейбір жарнамаларда қанттың бір келісі 330 теңге деп жазылған. Жарнамадағылар өнімді Ресейден жеткізіп отырғандарын жариялаған. Ал құзырлылар, жарнаманы тексермей, ақшаны салмауға шақырды.

Ә. Дүкембаева