$494.87 €520.65 ₽4.91
×

Павлодар өңіріндегі сібір жарасы топырақтан тарауы мүмкін

AstanaTV
13.07.2016ж. 20:00
2997
Павлодар өңіріндегі сібір жарасы топырақтан тарауы мүмкін

Павлодар облысындағы сібір жарасы топырақтан жұғуы мүмкін. Бүгін Ертіс ауданындағы бұрын ауру малдар көмілген жерден топырақ сынамасы алынған. Бұл жайында бүгін өңірге арнайы келген денсаулық сақтау министрлігі өкілдері мәлімдеді. 

Бауыржан Байсеркин, ҚР ДСМ медициналық көмекті ұйымдастыру департаментінің директоры:

Кеше біз аудан әкімінде болдық. Әкім, бұл кеселдің облыстың басқа өңірлеріне тарап кетпеуі үшін, ауданда төтенше жағдайдың жарияланғанын мәлімдеді. Ауылда зарарсыздандыру тосқауылдары қойылып, ірі қара малды шығаруға тыйым салынды. Осылайша қауіптің алдын алу жұмыстары жүргізіліп жатыр. 

Астанадан арнайы келген комиссия карантинге жабылған ауылда тексеріс жұмыстарының күшейтіле түскенін жеткізді. Қазір шикі етті ұстап, пайдаланған 24 тұрғын жергілікті дәрігерлер бақылауында. Әзірге ешқайсысынан күйдіргінің белгісі байқалмаған. Министрлік өкілі бірер күнде олардың біразы медициналық мекемеден шығарылуы мүмкін екендігін айтты. Бұған дейін індет шыққан ауылда карантин жарияланған болатын. Ал мал сойған 3 адамның ауруы расталып, ауруханаға жатқызылған еді. Олардың жағдайлары бірқалыпты, - дейді мамандар.

Әсемгүл МҰХИТҚЫЗЫ