Спорт Қазақстан
$449.58 €486.94 ₽4.86
×

Жыл басынан бері жол құрылысынан 500-ден аса қателік анықталды

AstanaTV
03.08.2022ж. 20:00
987
Жыл басынан бері жол құрылысынан 500-ден аса қателік анықталды

Ақмола облысында 28 қызметкер жол сапасын дұрыс бақыламаған. Құзырлылар 199 автожолды жіті тексеріп, 149 қателік анықтады. Ал, Ұлттық сапа орталығы жыл басынан бері жол құрылысынан 500-ден аса кемшілік  тапқан. Айтуларынша, қазір жергілікті маңызы бар жолдардан 400-ге жуық сынама алынып, зертханаға жіберілген.  Егер тағы қателік анықталса, жөндеу қайта қолға алынады дейді.

ҚР ИИДМ ЖОЛ АКТИВТЕРІ ҰЛТТЫҚ САПА ОРТАЛЫҒЫ:

Жыл басынан бері жол-құрылыс нысандары мен автомобиль жолдарының сапасын анықтау үшін 245 тексеріс жүргізілді. Кейбір мердігер ұйымдар қайта түзеу жұмыстарын жүргізіп жатыр. Анықталған қателіктер бойынша мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасына хат жолдадық. Сондай-ақ, талаптарға сәйкес келмейтін сынамаларды қайта жөндеуден өткізу үшін тапсырыс беруші мен мердігер ұйымға тапсырма берілді.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес, еліміздің барлық қңірінде жауапты мамандар облыстық Прокуратура және бақылаушы мемлекеттік органдармен бірлесіп, жөнделген жолдардың сапасын тексеруде. Сондай-ақ, жол құрылысына отандық өнімдерді пайдалану, ол үшін өндірісті арттыру, тапшылықты болдырмау  мәселелері де басты назарда.  

Болат АҚШОЛАҚОВ, ҚР ЭНЕРГЕТИКА МИНИСТРІ:

Мұндағы тапшылық жол құрылыс компанияларының, атап айтқанда қысқы және көктемгі кезеңдердегі битум сынамаларының біркелкі алынбауынан туындайтынын атап өткім келеді. Яғни бұл кезеңде битум өндіруге өтініштер іс жүзінде түспейді. Зауыттар не бос тұруға, не айналымда тұруға мәжбүр. Осыған орай Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігімен бірлесіп, қысқы және көктемгі кезеңде битум сатып алатын бірыңғай жеткізушіні анықтау мәселесі пысықталып жатыр.

Энергетика министрінің айтуынша,  Ресейден шайыр әкелу квотасын 280 мың тоннадан 430 мың тоннаға дейін арттыру туралы шешім қабылданған.  Сонымен қатар Ақтаудағы зауытта битум өндірісін ұлғайту отандық өндірушіге өндірісті жылына 300 мың тоннаға арттыруға мүмкіндік береді.Нәтижесінде жылдық жалпы қуаттылық шамамен жылына 1,3 миллион тонна болады дейді. Бұл  ішкі нарықтың қажеттілігін толық  өтейді.

А. Задабек