Спорт Қазақстан
$443.37 €474.49 ₽4.83
×

Президент жолдауы: Ұлттық табыстың игілігін жұрттың бәрі бірдей көріп отырған жоқ,- Қ.Тоқаев

AstanaTV
01.09.2022ж. 20:00
1207
Президент жолдауы: Ұлттық табыстың игілігін жұрттың бәрі бірдей көріп отырған жоқ,- Қ.Тоқаев

Ұлттық табыстың игілігін жұрттың бәрі бірдей көріп отырған жоқ. Бұл туралы мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бүгінгі Жолдауда айтты. Оның сөзінше, ел экономикасында қордаланған мәселелер көп. Сондықтанда күрделі проблемаларды оңтайландыру үшін тың әдістер қажет деді. Президент экономиканы жеделдетуге байланысты бірқатар бағыттарға тоқталды. Әріптесім Бекболат Сатуов тарқатады.

Бекболат САТУОВ, ТІЛШІ:

Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам. Президенттің Қазақстан халқына жолдаған биылғы жолдауы осылай аталды. Мемлекет басшысының бұл бесінші жолдауы. Осы жолы елдегі экономикалық-әлеуметтік салаларға басымдылық берілді. Себебі еліміздегі саяси жаңғыру енді экономикалық өзгерістерге ұласуға тиіс деді.

Жолдауда елде экономикалық еркіндік қажет екені айтылды. Сондықтан да Президент  бағаны әкімшілік жолмен реттеудегі құр дақпырт әрекеттерді тоқтату керек деді. Себебі жөн-жосықсыз тексеру тауар тапшылығын тудырып, елді импортқа тәуелді етеді. Сондықтан баға белгілеу ісіне мемлекеттің араласуынан біртіндеп бас тарту керек деп отыр.

Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

Елімізде электр қуатымен қамтамасыз ететін желілердің үштен екісінің, жылу коммуникациясының 57 пайызының және су құбыры желісінің жартысына жуығының тозығы жеткен.Осыдан-ақ біраз жайтты аңғаруға болады.Тарифтерді күшпен ұстап тұрудың соңы соның бәрін кезекпен өшіруге және түрлі апатты жағдайлар туындауына әкеп соқтырады.

Келесі жылы елде жаңа салық кодексі жазылады. Президент бұл салада ақсап тұрған мәселерді жіпке тізді. Мемлекет басшысы утиль алымға қатысты мәселеге де тоқталды. Бірреттік бірыңғай баға енгізілмек. Бүгінге дейін шетелден келген көліктерді алғашқы тіркеу құны 200-250 мың теңгеден аспауы тиіс, деді. Мұндай талап көлік бағасының қолжетімді болуына едәуір ықпал ететініне сенімді. Әрі заңсыз шекара асатын іздеудегі көліктердің елге кіруіне тосқауыл болатынын айтты. Сонымен қатар Президент бюджет қаражатына реформа жасалатынын айтып, Ұлттық қордың қаржысын тиімсіз жұмсау тоқтатылады деді.

Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

Біз салық түсімін өңірлердің өзіне бере бастадық. Бұл жұмысты жалғастыру қажет. «Халық қатысатын бюджет» жобасы тиімді іске асырылып жатыр. Оның ауқымын кеңейтіп, жобаға аудандық маңызы бар қалалар мен ауылдарды тарту керек. Тұрғын-үй коммуналдық шаруашылығы қаржысының кемінде 10 пайызы қайда жұмсалатынын қоғамның өзі айқындауға тиіс.Осы айтылған мәселелерді тиімді жүзеге асыру үшін жаңа Бюджет кодексін қабылдау қажет.

Қазақстанда шағын және орта бизнесті қаржыландыру үшін 42 миллиард долларға жуық қаражат жетіспейді. Ал банктерде триллиондаған теңге босқа жатыр. Осыны ескерткен мемлекет басшысы жауаптыларға қолжетімді несие үшін ыңғайлы тетік ұйымдастыруды тапсырды. Сондай-ақ, мемлекет басшысы кәсіпкерлікті қолдау жұмыстарын басынан бастап реттеу керегін айтты. Азаматтарды әуреге салатын көптеген талаптар мен құжаттардың орнына ықшам әрі түсінікті ережелерді бекіту керек деді. Сонымен қатар ұлттық қордың жылдық табысының 50 процентін елдегі балалардың шотына аударуды тапсырды. Жоба 2024 жылдан бастап іске қосылады.

Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

Әр отбасы елдің ұлттық байлықтарын пайдаланудан нақты игілік көруі керек. Сондықтан мен жариялаған Балалар жылында «Ұлттық қор – балаларға» атты түбегейлі жаңа бағдарламаны бастау керек деп есептеймін. Ұлттық қордың жылдық инвестициялық кірісінің 50%-ін балалардың жасы 18-ге толғанға дейін жеке шоттарына мерзімінен бұрын шешіп алу құқығынсыз аударып отыруды ұсынамын.

Қасым-Жомарт Тоқаев Үкімет жұмысын сынға алды. Олқылықтар қайталана берген жағдайда, жауаптылар жылы орынын босататын ескертті.

Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

Біресе жанар-жағармай, біресе шекер жетіспейді. Осының бәрі Үкіметтің нақты шешім қабылдауға келгенде өте баяу қимылдап, батыл қадам жасай алмауынан болып отыр. Мұндай жағдайға азаматтардың да көңілі толмайды. Әрине, бұл – орынды. Сондықтан, дәл осылай жалғаса берсе, тағы да нақты кадрлық шешімдер қабылдауға тура келеді.

Мемлекет қаржылай қолдау жасаған кезде бәсекеге қабілетті шағын және орта бизнес өкілдеріне баса мән береді. Еңбекақы төлеу қорын көбейткен және салық төлемдерін арттырған кәсіпорындарға қолдау көрсетіледі.

Бекболат САТУОВ, ТІЛШІ:

Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекеттік сатып алудың жаңа жүйесі жасалатынын жеткізді. Ол үшін бірыңғай платформа құрылмақ. Президент көптеген жоба кейбір кәсіпкерлер мен шенеуніктердің майшелпегіне айналғанын да біледі. Енді бұған тосқауыл қойылмақ. Ол үшін жаңа заң қабылданып, келісім-шарттар қалың көпшілікке ашық болады, деді.

Б. Сатуов