Қытай Халық Республикасының төрағасы Си Цзиньпин мемлекеттік сапармен Қазақстанға келді. Құрметті қонақты Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев әуежайдан күтіп алды. Екі ел басшысы стратегиялық әріптестікті нығайту перспективаларын талқылады. Дипломатиялық қатынастардың орнағанына 30 жыл толуына орай бірлескен мәлімдеге қол қойылды.
Көрші елдің басшысын Президент құрметпен күтіп алды. Қонақтың тілінде сөйлеп, амандық білісті.
Пандемия басталғалы Си Цзиньпин Қазақстанға алғаш рет келіп отыр. Ақордаға Hongqi лимузинімен барды. Нөмері 701 екенін шетелдік басылымдар жарыса жазды. Әдетте үкіметтік көліктердің сипаттамасы құпия сақталады. Бұл Қазақстанға деген сенімділігінің нышаны болса керек. Қос басшысы Ақордаға бас сұққаннан Мемлекеттік күзет қызметінің Құрмет қарауылы дәстүр бойынша күтіп алды. Екі елдің әнұраны орындалды.
Биыл Қазақстан мен Қытай арасында дипломатиялық қатынас орнағанына -30 жыл. Сапардың мерейлі датаға сәйкес келуінде де үлкен мән бар.
Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:
Сіздің сапарыңыз осы мерейлі белеске тұспа-тұс келіп отыр. Қысқа мерзім ішінде біз тұрақты мемлекетаралық қатынас орнаттық. Сіз Қазақстан экономикасын дамытуға және біздің халықаралық бастамаларымызға ұдайы қолдау көрсетіп келесіз. Сол үшін өзіңізге зор алғыс айтамын.
Дипломатиялық қарым-қатынас орнағалы бері Қазақстан мен Қытай арасындағы беріктік нығайып келеді. Үнемі жаңа мазмұнмен толығып, даму үстінде. Шекара мәселелерін алғашқылардың бірі болып шешті. "Бір белдеу, бір жол" бағдарламасы аясындағы ынтымақтастық үлгісін көрсетіп, индустрияландыру саласындағы халықаралық ынтымақтастықты дамытты.
Си ЦЗИНЬПИН, ҚХР ТӨРАҒАСЫ:
Тұрақтылық пен дамуды қамтамасыз ету жөніндегі Сіз жүргізіп жатқан реформаларды толық қолдай отырып, сіздің еліңіздің ішкі істеріне қандай да бір күштердің араласуына үзілді-кесілді қарсы боламыз. Қазақстанның сенімді досы және сенімді серіктесі болды және болып қала береді.
Тараптар көлік-логистика, азық-түлік өнеркәсібі, ауыл шаруашылық салаларының мәселелері және трансшекаралық өзендер жайы талқылады. Келіссөздерден кейін екі мемлекеттің басшылары Қазақстан Республикасы мен Қытай Халық Республикасы арасындағы дипломатиялық қатынастардың орнатылғанына 30 жыл толуына орай бірлескен мәлімдеге қол қойылды. Президент Қытай басшысы екіжақты саяси, экономикалық және мәдени қатынастарды нығайтуға және дамытуға қосқан айрықша үлесі үшін "Алтын Қыран" орденімен наградтады.
Мұнан соң қос мемлекет басшылары екі елдің көне заманнан бүгінге дейінгі тарихи, мәдени байланыстарына арналған "Қазақстан – Қытай: мыңжылдық диалог" атты көрмені тамашалады.
Т. Әлжанов