Спорт Қазақстан
$439.43 €473.31 ₽4.82
×

"Съезде көптеген салмақты ой, салиқалы пікір айтылды",-Қ.Тоқаев

AstanaTV
15.09.2022ж. 20:00
1589
"Съезде көптеген салмақты ой, салиқалы пікір айтылды",-Қ.Тоқаев
Елордада өтіп жатқан Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының VII съезі қорытындыланып, декларация қабылданды.  35 тармақтан тұратын құжатта  қазіргі таңдағы өте өзекті  жаһандық проблемалар   қамтылған. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев әлемдік деңгейдегі рухани көшбасшыларға алғыс айтып, съезде  салмақты ойлар, салиқалы пікірлер айтылғанын атап өтті.  Сондай-ақ, Президент  Рим Папасы Францискке елімізге жасаған тарихи сапары үшін және съезд жұмысына белсене қатысқаны үшін ризашылық білдірді.

Діндер съезіне қатысушылар бүгін таңертең  бас қаладағы «Бейбітшілік және Келісім» саябағы аумағына  60 ағаш  екті.  Бұл -Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің VII Съезіндегі делегация басшыларының саны.  Әр түп бейбітшілік пен келісімнің белгісі іспетті.   

Мухаммед ӘЛЬ-ХАМДИ, ДОХАДАҒЫ ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ДІНАРАЛЫҚ ДИАЛОГ ОРТАЛЫҒЫНЫҢ ӨКІЛІ:


Мен бұл рәсімге қатысқаныма өте қуаныштымын, менің ойымша, идея өте жақсы. Қазақстанда менің бір бөлшегім қалатыны қуантады, осы сәтті барлық әріптестеріммен бөлісу екі есе жағымды. Қандай дін болмасын-Конгресс бәрімізді біріктірді. Менің ойымша, бұл ең бастысы.

Ал түстен кейін бас қалада съездің қорытынды басқосуы өтті. Онда Рим папасы Франциск Қазақстанды өзінің тарихы мен құнды дәстүрін сақтауға бейім мемлекет деп атады. Сондай-ақ, Понтифик съезді ұйымдастырған жергілікті билікке алғыс айтты.

ФРАНЦИСК РИМ ПАПАСЫ:

Осы уақыттың ішінде бір-бірімізбен қарым-қатынас орнатып, диалог үшін алғыс білдіремін. Пандемиямен ғана емес, соғыс өртімен күрделеніп отырған әлемде өмір сүріп отырмыз. Жек көрушілік, бөлінушілік өте көп. Диалог пен бір-бірін түсіну аз болып отыр. Қазіргі кезеңде бұл өте қауіпті. Біз осылай  жан-жаққа тартып жүрсек, алға жылжу мүмкін емес. Сондықтан біз бейбітшілік пен бірлікке бірге ұмтылуымыз керек.

Діндер лидерлерінің отырысында әлемдік проблемалар талқыланды. Жай ғана айтыла салмай, ортақ шешімдер декларацияға енгізілді.  Оны Англикан шіркеуінің арнайы өкілі, Доркинг епископы Джо Бейли Уэллс таныстырды.  

Джо Бейли УЭЛЛС, АНГЛИКАН ШІРКЕУІНІҢ ӨКІЛІ:

Біз Діндер лидерлерінің съезі мәдениет пен өркениет арасындағы диалог үшін діндер съезі өз жұмысын жалғастыру үшін бар күшімізді саламыз. Діндер лидерлерінің съезі бейбітшілікті нығайтуда маңызды рөл атқаратын алаң.

Декларация  Біріккен ұлттар ұйымы Бас Ассамблеясы 77-ші сессиясының ресми құжаты ретінде қарастырылады. Жиында сөз алған президент Қасым-Жомарт Тоқаев барлық мәселе бейбіт жолмен келісім арқылы шешілуі маңызды деді. Оған дін өкілдерінің қосар үлесі зор екенін атап өтті. Мемлекет басшысы діндер лидерлеріне және жиынға арнайы ат басын тіреген Рим папасы Францискке ерекше алғысын білдіріп, баршаны экономикалық және рухани тұрғыдан бірге өсуге шақырды.

Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

Шын мәнінде, барлығымыздың мақсатымыз бір – өркениеттер үндестігін орнату, бейбітшілік пен тұрақтылықты нығайту. Съезде көптеген салмақты ой, салиқалы пікір айтылды. Оның барлығы біздің "үйлесімді әлем" құру жолында оң ықпалын тигізеді деп санаймын.

Діндер лидерлерінің жетінші съезіне қатысқан делегаттар бас қосудың жоғары деңгейде өткенін айтты.   Бұл жиын-диалог алаңының тамаша үлгісі деді.

Фидон РВЕЗАХУЛА МВОМБЕКИ, БҮКІЛ АФРИКАЛЫҚ ШІРКЕУЛЕР КОНФЕРЕНЦИЯСЫНЫҢ БАС ХАТШЫСЫ:

Жиын мен ойлағаннан да жоғары деңгейде өтті. Бұл менің Қазақстанға алғашқы сапарым, бірақ мұнда бірнеше рет келгендердің өзі ұйымның жоғары деңгейде өтіп жатқанын айтып жатыр. Бұл  біз үшін өзгеше рухани көшбасшылармен танысудың тамаша мүмкіндігі болды.

Бекболат САТУОВ, ТІЛШІ:

Елордада осымен жетінші рет өткен  Діндер лидерлерінің кезекті съезі аяқталды.Екі күнге созылған алқалы жиында делегаттар әлемдік проблемаларды талқылады. Адамзаттың пандемиядан кейінгі рухани және әлеуметтік даму мәселесін тарқатты. Орамды ойлар айтылды, салмақты пікірлер сараланды. Дін өкілдері барлық мәселеде бірлік пен бейбітшіліктің орны маңызды екенін айтып тарқасты. Айта кетейік, діндер съезінің кезекті отырысы 2025 жылы Қазақстан астанасында өтеді.

Б. Сатуов