$494.87 €520.65 ₽4.91
×

Шымкенттегі жатақханада студент көз жұмды

AstanaTV
22.09.2022ж. 20:00
3155
Шымкенттегі жатақханада студент көз жұмды

Шымкенттегі жатақханалардың бірінде студент көз жұмды. Полицияның дерегінше, оқыс жағдай бүгін түнгі бірлер шамасында тіркелген. Белгілі болғанындай, бұл жағдай Манап Өтебаев атындағы жоғарғы жаңа технологиялар колледжінің студенттері жататын ғимаратта болған. Қаза тапқан 1-курс студенті. Оның бөлмеде есінен танып құлағанын сондағылар полицияға хабарлаған. Тәртіп сақшыларына куәгерлердің айтуынша, студенттердің бірі жігітті кеудесінен, ал екіншісі иығынан ұрған. Салдарынан ол кенеттен өзін нашар сезінген. Болған жәйтке қатысты студенттер жатақханасында ешкім түсінік бермеді. «Басшылық тергеуде» деп жауапты қысқа қайырды.

ШЫМКЕНТ ҚАЛАЛЫҚ ПОЛИЦИЯ ДЕПАРТАМЕНТІ:

Студенттер жедел жәрдем шақырған, бірақ медицина қызметкерлері келгенге дейін олар қайтыс болған жас жігітке көмек көрсетіп үлгермеді.

Әл-Фараби АПБ қызметкерлері ҚР Қылмыстық Кодекстің 106-бабы бойынша тергеу жүргізіліп жатыр. Оқиғаның мән-жайы анықталуда. Іс бойынша сот-медициналық сараптама тағайындалды.

Білім басқармасының мәліметінше, қаза тапқан студент биыл ғана оқуға түскен. 16 жастағы бозбала Түлкібас ауданының тумасы. 9 сыныптан соң «Сандық техника» мамандығы бойынша мемлекеттік тапсырыс негізінде оқуға түскен. Білім басқармасының баспасөз хатшысы қазір басқарма тарапынан  колледждің тәрбие жұмысына зерделеу комиссиясы құрылып, тиісті шаралар жүзеге асырылып жатқанын жеткізді.

М. Тоқтасынқызы