$498.34 €519.72 ₽4.85
×

«Нұр Отан» партиясы жастарды жұмысқа орналастыруға жәрдем етуін жалғастырмақ

AstanaTV
20.07.2016ж. 20:00
2576
«Нұр Отан» партиясы жастарды жұмысқа орналастыруға жәрдем етуін жалғастырмақ

Жастардың жұмысқа орналасуына жәрдем беріліп келеді. Бүгін «Нұр Отан» партиясының «Жас Отан» жастар қанатының мұрындық болуымен «Сәтті қадам» жобасы бастау алды. ЖОО мен колледж бітірген тәлімгерлерді еңбек тәжірибесінен өтуге мүмкіндік беретін шара биыл 4-ші рет қолға алынған. Осы уақыт аралығында ел көлемінде қолында дипломы бар 5 мың азаматтан өтініш қабылданып, 1,5 мыңы еңбек тәжірибесінен өтіпті. 155-і бүгінде тұрақты жұмысқа алынған. «Жас Отан» жастар қанаты төрағасы Шахмардан Баймановтың айтуынша, жобаның мақсаты - жастардың  еңбек нарығына енуіне мүмкіндік беру.

Еңбек тәжірибесінен жақсы өткен сондай маманның бірі - Дина Әбдрахмет. Ол 3 айлық сынақтан кейін Ұлттық экономика министрлігіне жұмысқа орналасқан. Бойжеткен «Сәтті қадам» бағдарламасының жастар үшін үлкен мүмкіндік екенін айтады. Бағдарламада ешқандай шектеу жоқ, кез келген мамандық бойынша тәжірибе ұсынылады. Биыл қатарында ірі ұлттық компаниялар бар 350-ге жуық жұмыс ұсынушы тараппен келісім жасалған.

Дина Әбдірахмет, жас маман:

Мен өткен жылы осы «Сәтті қадам» жобасына жас маман ретінде өтініш жіберіп, тәжірибеден өткен едім. Ұлттық экономика министрлігіне жолдама алдым. Қазір сол министрліктің ресми қызметкерімін. Ұлттық бағдарлама менің жолымды ашты деуге болады.

«Жас Отан» жастар қанаты биыл «Сәтті қадам» жобасына ауқымын кеңейтіп отыр. Яғни енді дипломы бар жастарға еңбек тәжірибесін ұсынумен қатар, ата-ана қомқорлығынан айырылған  жастар да жұмыспен қамтылмақ. Қазірдің өзінде 3 600 тұл жетім тізімдемеге ілігіпті. Оның 132-і жұмыс орнын тапқан. Бұл бағытты партия жыл соңына дейін жалғастырмақ. Ал «Сәтті қадам» жобасына өтініштер қабылдау 15 тамызда аяқталады.  

Шахмардан Байманов, «Нұр Отан» партиясы «Жас Отан» ЖҚ төрағасы:

«Сәтті қадам» бағдарламасы екі бағыт бойынша іске асырылып келеді. Ең бірінші - тәжірибе, екінші жұмыспен қамту бойынша. Жұмыспен қамту бойынша осы жылы біз 3600-ден астам тұл жетім балаларды жұмысқа орналастыруды көздеп отырмыз.

Құралай ПИОНЕР