Шығыс Қазақстан облысындағы Бұқтырма су қоймасы арқылы өтетін көпір құрылысы бүгінде қызған. Үш ауданды байланыстыратын бірегей стратегиялық және әлеуметтік нысан, ел Президентінің тапсырмасымен былтыр қолға алынған болатын. Қазақстандағы ең ұзын көпірдің құрылысын біздің тілшіміз көріп келді.
Көпір құрылысы 2021 жылы Күршім ауданындағы Құйған ауылының маңында басталған. Оның ұзындығы 1300 метрден асады. Жоба маусымдық ауа-райына тәуелді болмас үшін техникалық көпір салынды.
Нығматулла АБДУЛХАКОВ, «ОБЛШЫҒЫСЖОЛ» ЖШС КӨПІР ҚҰРЫЛЫСЫ БОЙЫНША ОРЫНБАСАРЫ:
Ауа-райы бізге шектеу қоймайды, қоя алмайды да. Біз жаңбырлы күнде, қарда, мұздың үстіндеде жұмыс істей береміз.
Көпір құрылысының барысымен аймақ басшысы танысты. Ол құрылысқа ауыр металл және бетон қолданылып жатқанына көз жеткізді. Көпір тіректерінің ұзындығы 40 метрден асады. Бүгінде 21 тіректің 9-ы салыныпты.
Даниал АХМЕТОВ, ШЫҒЫС ҚАЗАҚСТАН ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ:
Мұнда біз арматураны түсіреміз, ал құбырды бір күнге ығыстырып, бетонды түсіреміз.
Қазақстан үшін бірегей құрылыстың салынуы Күршім, Тарбағатай және Зайсан аудандарының логистикасын түбегейлі өзгертуге мүмкіндік береді. Сондай-ақ аймақтағы туризмге жаңа серпін бермек. Шалғайдағы ауылдардың өмір сүру сапасын жақсартуға ықпал етіп, облыс экономикасын одан әрі дамытуға жаңа мүмкіндіктер ашпақ.
БЛИЦ:
- Мұздың үстімен жүріп кісі өлімі де болды. Бізге көпір деген арман. Сол көпірді көрсек деймін.
Көпір бойынан көлік айрықтары, су бұру және мал өтетін жолдар қарастырылған. Өткел кеме қатынасына кедергі келтірмейді дейді жауаптылар. Құрылыс аяқталса, онда бұл жол облыс орталығынан Күршімге дейінгі ең қысқа жол болмақ. Ең ұзын көпір 2024 жылы желтоқсан айында тапсырылуы тиіс. Тәулігіне 20 мыңнан астам автокөлікті өткізе алады.
Ә. Дүкембаева