$498.34 €519.72 ₽4.85
×

Микроқаржы ұйымынан ақша алғандардың қарызы 45 миллиард теңгеден асады

AstanaTV
14.10.2022ж. 20:00
1259
Микроқаржы ұйымынан ақша алғандардың қарызы 45 миллиард теңгеден асады

Онлайн несие алып, опық жегендер көп. Жыл басынан бері микроқаржы ұйымынан ақша алғандардың қарызы 45 миллиард теңгеден асқан. Тұрғындар үйден шықпай-ақ қалтасын қалыңдатуды әдетке айналдырып барады. Қарыздың күліп келіп, жылап қайтатынын ескермейтіндердің дені – жастар. Онлайн займның банктен алатын несиеден айырмашылығы қандай? Қарапайым жұрт қарыз алудың осы тәсілін неліктен көп таңдайды? Аружан Задабектің материалында.

Қазір несие алу үшін бұрынғыдай банк кезегінде тұрып, бірнеше беттік келісімшартты оқу шарт емес. Кепілге танысыңызды белгілеуді талап етпейді. Айлығыңызды да растамайсыз. Тек ЖСН мен телефон нөміріңізді жазасыз, дем-де несие береді.

Онлайн қарыз алып, сан соққанның бірі – Альмира. Ол бір емес, бірнеше рет микроқаржылық ұйымның көмегіне жүгінген. Несие сол сәтте тығырықтан құтқарғанмен, кейін желкемнен шығарды дейді.

Альмира КӨТЕНОВА, АСТАНА ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

50 мың алғанда үстінен 12 мың қосылады. Сонда 62 мың. Төлейтін кезде, әрине, өкінесің. Ну кейде ақша жетпей жатқан кезде, сондай шарттарға барамыз.

Елімізде онлайн қарыз берушілер туралы нақты мәлімет, бірыңғай ақпараттық база жоқ. Адвокат Ерқанат Бейсеновтың сөзінше, интернетте қаптап жүрген мұндай ұйымдар өз жұмыстары туралы мемлекеттік органдарға есеп бермейді. Комиссия көлемін де өз қалауынша құбылтады. Сондықтан қаржы студенттерге де, жұмыссыз жүрген жастарға да беріле береді. Төлей алмаған адам заң алдында жауап береді.

Ерқанат БЕЙСЕНОВ, АДВОКАТ:

Екінші деңгейдегі банктер сияқты коллекторлы ұйымдарға бере алады. Немесе ол несиені сата алады. Мұндай заңдылықтар бізде бар. Сот арқылы немесе нотариуспен атқару надпись бойынша мәжбүрлеу жасайды. Кәмелетке толды ма болды, іс-әрекет бойынша жауап береді.

Қазақстанда 246 микроқаржы ұйымы мен тек онлайн қызмет көрсететін 25 компания бар. Олар жыл басынан бері 100 миллиард теңгеден астам шағын несие берген. Бірақ, оның 45 миллиардтан астамы әлі толық өтелмеген.

ҚР ҚАРЖЫ НАРЫҒЫН ЗЕРТТЕУ ЖӘНЕ ДАМЫТУ АГЕНТТІГІ:

Микрокредит бойынша берешекті сотқа дейін реттеу үшін кешіктіру туындағаннан кейін бірден берешекті мәжбүрлеп өндіріп алу бойынша шаралар қабылданады. Қарыз алушыларға мәселені реттеудің нұсқаларын ұсыну мүмкіндігі бермейді, бұл өз кезегінде әлеуметтік шиеленістің өсуіне әкеледі. Микрокредиттер бойынша жеке тұлғалардың берешегін сотқа дейін реттеу рәсімін белгілеу әлеуметтік шиеленісті төмендетуге және проблемалық міндеттемелердің ұлғаю тәуекелдерін азайтуға мүмкіндік береді.

Жекелеген қаржы ұйымдары сіздің жеке мәліметтеріңіздің құпия сақталуына кепілдік бермейді. Хакерлік шабуылдан қорғалмаған. Сондықтан қарыз алушының жеке мәліметтері алаяқтардың қолына ілігуі әбден мүмкін.

А. Задабек