Спорт Қазақстан
$445.66 €474.58 ₽4.78
×

Қостанайда борышкер сот орындаушыға қарсылық білдіріп, көлігімен қағып кетті

AstanaTV
18.10.2022ж. 20:00
1578
Қостанайда борышкер сот орындаушыға қарсылық білдіріп, көлігімен қағып кетті

Қостанай тұрғыны жеке сот орындаушыны көлікпен қағып кетті. Қарызы қалың азамат көлігін тәркілеуге қарсылық білдірсе керек. Полиция әкімшілік хаттама толтырып, істі сотқа жөнелтті. Алайда жәбірленуші борышкерге қатысты қылмыстық іс қозғауды талап етіп отыр. Қос тараптың таласын Заңғар Санай тыңдады.

Борышкер Рахат Мақашевтың жеке сот орындаушының айтқанын орындамай, көлігімен кері шегінгені жақын маңдағы бейнебақылау камерасына түсіп қалған. "Қала тұрғыны темір тұлпарын тәркілеуге қарсылық білдіргендіктен қағып өтті", дейді сот орындаушы Владислава Петраш.

Владислава ПЕТРАШ, ЖЕКЕ СОТ ОРЫНДАУШЫ:

Ол мені 20 минут бойы көндіруге тырысты. 102-ге қоңырау шалып, полиция күтіп тұрдым. Кенет көлігіне отырды да, кері шегіне бастады. Мені тыңдаған да жоқ. Көліктің артында тұрғанымды айнасынан көрді. Соған қарамастан әуелі баяу қозғалып, одан кейін жылдамдықты үдете түсті.

Жеңіл жарақат алған жеке сот орындаушы жеңіл көлік астында қалып қоймағанына шүкір дейді. Қызмет бабындағы қызметкердің денсаулығына зиян келтірген үшін ол әкімшілік емес қылмыстық жазаға тартылуы тиіс дейді Владислава Петраш. Ал 43 миллион қарызы бар қала тұрғыны өз уәжін айтты.

Рахат МАҚАШЕВ, ҚОСТАНАЙ ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Қағазы жоқ оның қолында. Мен заң бойынша айтып отырмын. Біріншіден, көлік әйелімнің атында. Ол әйелімді шақыру керек. Сотқа беру керек әйеліме. Сосын машинаны сатып, жарты ақшасын әйелге, жарты ақшасын маған беру керек. Заң бойынша солай болу керек.

Облыстық соттың баспасөз қызметі Мақашевтің ісі сотқа түскенін хабарлады. Қостанай тұрғыны қос бап бойынша жауапқа тартылмақ.

Зәуре ЕДІКОВА, ҚОСТАНАЙ ОБЛЫСТЫҚ СОТЫ БАСПАСӨЗ ҚЫЗМЕТІНІҢ БӨЛІМ БАСШЫСЫ:

Қала тұрғынына қатысты екі әкімшілік іс түсті. Әкімшілік кодекстің 610- бабы 2- бөлігі және 611- баптың 2- бөлігі бойынша. Сот отырысы қазан айының 28 -іне белгіленіп отыр.

Сарапшылар борышкерлердің басым бөлігі ашушаң болып келеді дейді. Кейбіреуі тіпті сот орындаушыларға қарсылық білдіріп, балағаттай жөнелетінін айтады. Соларды сабасына түсіру үшін сот орындаушылардың құқығын қорғайтын тиісті заң қабылдау қажет дейді.

Несібелі БӘСЕНОВА, САРАПШЫ:

Өз-өзін қорғау мақсатында көп мәселелер қажет. Заңға өзгерістер керек. Сот орындаушының ең басты мақсаты заңды күшіне енген сот шешімін орындау.

Владислава Петраш бұған дейін де борышкер тарапынан балағат сөз естігенін айтады. Сол жолы Рахат Мақашев учаскелік полицейден ескерту алған. Енді бұл жолы істі соңына дейін жеткізем дейді.

З. Санай