$494.87 €520.65 ₽4.91
×

Маңғыстау облысында 4 күннен бері «Бұрғылау» компаниясының 200-ге тарта қызметкері ереуілдетуде

AstanaTV
28.07.2016ж. 20:00
3063
Маңғыстау облысында 4 күннен бері «Бұрғылау» компаниясының 200-ге тарта қызметкері ереуілдетуде

Жаңаөзенде 4 күннен бері мұнай бұрғылау компаниясының 200-ге тарта қызметкері наразылық ұйымдастырып жатыр. Ереуілшілер сөзіне қарағанда, басшылық тарапынан қысым жасалып, жаппай жұмыстан қысқарту жүргізіліп жатса керек. Оның үстіне, жарты жыл бұрын өздері дауыс беріп, тағайындаған кәсіподақ басшысы да әрекетсіз отыр, дейді. Бірақ Маңғыстау облыстық еңбеккерлер құқығын қорғау ұйымының өкілдері компанияда жұмыстан заңсыз шығару оқиғасының тіркелмегенін айтады.

«Бұрғылау» компаниясының алдында осымен 4 тәулік ереуіл. 200-ге тарта еңбеккер жұмыстағы жағдайға наразы. Айтуларынша, жаппай қудалау болып, ел заңсыз жұмыстан шығарылып жатыр екен. Екі айдан бері мәселені айтқанымен, оны елеген ешкім жоқ деп отыр. Керісінше, қысым күшейе түссе керек. 

Берекет Бекболатов, «Бұрғылау» ЖШС қызметкері:

Бізге қысым қатты көрсетіліп жатыр. Бір-бірлеп Қауіпсіздік комитетіне шақырып алады. 4 күн болды, не әкім, не бастығымыз Сариевке дейін келген жоқ. Осы күнге дейін. Кеше мекеменің алдына бардық, шыққан жоқ ешкім. 

Әнуар Нұрбергенов, «Бұрғылау» ЖШС қызметкері:

3 күн 3 сағаттан тоқтадық та. Мәселеміз - профком жұмысын дұрыс жасамайды. Солай ғой, халықты қорғамайды. Халық мұң-мұқтажын айтып барса, ол бастыққа айтады. Ал бастық сол адаммен келіп сөйлеседі. Сенің бетің ұнаса, жұмыс жаса, ұнамаса кетер бер да.

Оның үстіне, кәсіподақ ұйымының да әрекетсіз отырғандығы жұмысшылар ашуын тудырған. Осыдан жарты жыл бұрын төрағаны өздері сайлап, ай сайын 2 мың теңгеден мүшелікке өтікізуге келіскен.

Ибрахим Құлыбаев, «Бұрғылау» ЖШС қызметкері:

Сені статьямен жұмыстан шығардық деді. Қане қандай, көрсет десем, бермейді, көрсетпеді. Асхатқа бар деді. Одан кейін 2 минуттан соң шақырып, өз еркіммен кетемін деп жаз, статьядан сол жақсы ғой дейді. Осындай жағдай.

Амалы таусылған еңбеккерлер енді өнідірісті тоқтатуға мәжбүр. Сөйтіп, таңғы 8-ден 10-ға дейін ереуіл ұйымдастырып отыр. Бүгін ереуілшілер ортасына компания басшысы Асхат Сариев тілдесуге әйтеуір келіпті. Оның Маңғыстау облыстық мәслихатта депутат болып отырған міндеті де бар. Жұмысшылар іштегі қудалауға дәл осы кісіні кінәлайды. Бірақ жетекші мұнымен келіспейді. Ал кәсіподақ төрғасын қызметкерлер қаласа, ауыстыруға ниетті. Тек оған үлкен жиынды ұйымдастыру машақаты көп екен. 

Асхат Сариев, «Бұрғылау» ЖШС директоры:

Ішкі ереже бойынша қызметкерлердің 50 пайызы қол қойып, жиын өткізуге рұқсат алуы керек. Кеше кәсіподақ төрағасы келіп, бәрін түсіндірді бұл кісілерге. Бірақ оны ешкім тыңдамады. Оған дейін ол 10 күн ауырып, демалысқа шыққан еді. Менің қарсылығым жоқ, жиын өткізе берсін.

Ал мәселеге қатысты Маңғыстау облыстық кәсіподақ ұйымының төрағасы, ешқандай да заңсыз еңбеккерлерді жұмыстан шығару дерегінің тіркелмегенін анықтапты. Әрі «қудаландым» деп ешбір адам шағым түсіре де келмеген.

Міржан Тұманов, Маңғыстау облыстық кәсіподақ орталығы төрағасының орынбасары:

Жұмыстан қуылғандар келген жоқ. Мында жігіттер айтып жатыр ғой ондай көп деп. Көлік жүргізушісі болған деседі. Ол көлікті өз ақшасына жөндеген көрінеді. Тіпті несие де алғаны айтылған. Бірақ оны белгісіз себеппен жұмыстан шығарып жіберіпті. Онымен жеке сөйлесейін десем, таппадым.

Жалпы «Бұрғылау» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінде 2 мыңға жуық жұмысшы бар екен. Дәл осынша адам кәсіподақ ұйымына тіркелген. Қазір компания басшылығы мәселені тиімді шешу жағын қарастырып отыр.

Құралай ПИОНЕР