Спорт Қазақстан
$443.37 €474.49 ₽4.83
×

Жеке үй өртеніп, екі бала көз жұмды

AstanaTV
05.12.2022ж. 20:00
981
Жеке үй өртеніп, екі бала көз жұмды

Жамбылда жеке тұрғын үй өртеніп, екі бала көз жұмды. Өрт түнгі 12 шамасында тұтанған. Балалар бұл уақытта үйде жалғыз болыпты. Анасы есікті сыртынан құлыптап, бүлдіршіндерді қараусыз қалдырып кеткен. Қызыл жалынның құрбаны болған балапанның бірі 5-те, екіншісі 2 жастан енді асқан. Елімізде осындай қайғылы жағдай жиілеп кетті. Бейкүнә балалардың қауіпсіздігі неге ескерілмейді? Ата-ана жауапкершілігі қайда? Аружан Задабек тарқатады.

Қайғылы жағдай Шу қаласында болды. Өрт сөндірушілер тілсіз жауды жарты сағаттан астам уақытта әрең өшірген.

Жомарт СӘДІРМЕКОВ, ЖАМБЫЛ ОБЛЫСЫ ТЖД БАС МАМАНЫ:

Осы өрт фактісі бойынша ҚР ҚК 292-бабының 3-бөлігі "өрт қауіпсіздігі талаптарын бұзу" бойынша қылмыстық іс қозғалды. Қазіргі уақытта аталған қылмыстық іс шеңберінде тергеу іс-шаралары жүргізілуде.

Өкінішке қарай, үйдегі екі бала түннің ортасында ата-анасының қарауынсыз қалған. Балаға көңіл бөлмеу – қоғам зардабы. Ата-ана салғырттығынан бала түрлі жағдайға тап болуы мүмкін. Графика: Астана қаласында жыл басынан бері үйде жалғыз қалған 40 бала терезеден құлап, оның бесеуі көз жұмған. Үйінен өрт шыққан төрт бала жарақат алып, біреуі тіл тартпай кеткен. Тағы бес бала суға батып, көз жұмды.

АСТАНА ҚАЛАСЫ ТӨТЕНШЕ ЖАҒДАЙЛАР ДЕПАРТАМЕНТІ:

Жыл басынан бері төтенше жағдайға тап болған 162 бала құтқарылды. Оның ішінде 11 бала эвакуацияланды. Төтенше жағдайлар департаменті өз балаларыңызды қараусыз қалдырмауды ескертеді.

Елімізде жұмысбасты ата-ана көп. Салдарынан, кәмелет жасқа толмағандардың төтенше жағдайға тап болу дерегі жиілеген.

Меруеш БАШАЙҚЫЗЫ, КӨПБАЛАЛЫ АНА:

Балалардың материалдық жағына көп мән беріп, оларды автомат қылып қойдық. Мектепке апарамыз, алып келеміз. 24 сағатта балаға уақыт бөлмеу деген енді өз қателігім деп санаймын мен.

Бала оқыс оқиғаға тап болмау үшін не істеу керек? Психолог Анаргүл Ибрайымбекова келеңсіз жағдайды алдын алу үшін , ең алдымен әр ата-ана баламен «балаша» сөйлесе алуы керек – дейді. Айтуынша, бүлдіршінге тыйым салуға болмайды. Барлығын тәжірибе ретінде көрсету керек. Ол қалай дейсіз ғой?

Анаргүл ИБРАЙЫМБЕКОВА, ПСИХОЛОГ:

«Жоқ, онда баруға болмайды, оны ұстауға болмайды» - деген тиымдар көп салып жатады. Соның орнына, керісінше, ата-ана соны түсіндіру керек. Егер де бала әлі де сөйлемейтін болса, түсінбейтін болса міндетті түрде балаға, мысалыға ыстық шәйнек болса, сәл саусағымен ұстату. Ол – ыстық деп, балаға тәжірибе көрсету керек.

Аружан ЗАДАБЕК, ТІЛШІ:

Үйде жалғыз қалған бала не істейді? Тоққа жақындайды, қуаттағышпен ойнайды. Терезенің жақтауына шығып, төменге қарайды. Бас көз болар ешкім жоқ болған соң ауып кетіп, мерт болуы әбден мүмкін. Сондықтан балаға терезенің қауіпті екенін, сіріңке - ойыншық емес, ал өрттің ойын емес екенін түсіндіру маңызды.

А. Задабек