$494.87 €520.65 ₽4.91
×

Рейстің кешігуінен демалушылардың жолдамасы күйіп кетуі мүмкін

AstanaTV
07.12.2022ж. 20:00
1261
Рейстің кешігуінен демалушылардың жолдамасы күйіп кетуі мүмкін

Ондаған қазақстандық рейстің кешігуінен демалысқа бара алмай жүр. Олардың жолдамалары күйіп кетуі мүмкін. Жоспары іске аспаған жолаушылар әуе компаниясының әрекетіне наразылық білдірді. Толығырақ Мерей Қалиасқардың бейнематериалында.

Осыдан 3 күн бұрын Тайландқа ұшуы керек болған елорда тұрғындары әуекомпанияның рейсті күн сайын басқа датаға ауыстырып жатқанына наразы. Ол аздай Астана – Пхукет бағытында билет алғандар ақшасын қайтара алмай отыр. Сондай-ақ, алты күнге жоспарлаған отбасылық демалысының үш күнге қысқарғанына шағымданды.

ЖОЛАУШЫ:

4-11 желтоқсан аралығына Астана – Пхукетке Sunday әуекомпаниясына билет алдық. Қарашаның аяғында рейс кейінге ауыстырыла бастады. Басында бір тәулікке, одан кейін келесі тәулікке ауысты. Кеше кешке хабарласып, тағы бір тәулікке ауысатынын айтты. Екі адамға тур 1 млн 700 мыңға шықты. Отельдегі демалыс қысқарып, ақшамыз күйіп жатыр.

Жолаушылардың сөзінше, туристік оператор алдын ала брондалған қонақүйдегі бөлменің күнін әрі қарай соза алмайтынын айтқан. Әуекомпания да қайтар рейс 11 желтоқсанда орындалатынын жеткізген.

Виктория СТАРОЖИЛОВА, "SCAT ӘУЕКОМПАНИЯСЫ" АҚ ҚОҒАММЕН БАЙЛАНЫС БӨЛІМІНІҢ ЖЕТЕКШІСІ:

1 желтоқсанда Астана - Пхукет рейсінің кешігуі компанияның келесі күндері кейбір рейстерінің ауысуына себеп болды. Әуе компаниясы жағдайды реттеу және рейсі кешіктірілген жолаушыларды дер кезінде жөнелту бойынша барынша шаралар қабылдады. Өтемақы алу үшін туристік пакетті сатып алған туристік агенттікке хабарласыңыз.

Демалысты ұйымдастырған FunSun туристік фирмасы бұл жағдайға әуекомпания жауапты екенін алға тартып, қаржыны қайтарудан бас тартқан. Әуежайда ұшақты сарылып-сарғайып күтіп, сабылып жүрген жолаушы көп.

БЛИЦ:

- Қазір ғана. 2 сағатқа. Көңілім толмайды. Жиі кешігеді ғой олар. Олардан ақша алу өте қиын.

- Күніне 2,1 сағаттан болады задержка.

- 2-3 сағатқа. Жоқ, қайтарған жоқ. ФанСан дегенге вообще обращаться етпеймін. Олар постоянно кешігіп жүреді.

Заңға сәйкес әуе компаниясы рейсті 2 сағатқа кешіктірсе, жолаушылар салқын су талап ете алады. 4 сағат күтсе, тамақтандыруы тиіс. Күндіз 8 сағат, ал түнде 6 сағат рейс кешіктірілсе, жолаушылар қонақ үйге орналастырылуы қажет. Сондай-ақ, әр кешіккен сағат үшін билет құнының 3 проценті қайтарылуы тиіс.

Егер тасымалдаушы авиакомпания бұл міндеттерін орындамаса, азаматтық авиация комитетіне шағымдануға болады.

Қ. Мерей