Спорт Қазақстан
$441.58 €480 ₽4.86
×

Рио-2016: үшінші күні Қазақстан қоржынында 3 медаль

AstanaTV
09.08.2016ж. 20:00
2579
Рио-2016: үшінші күні Қазақстан қоржынында 3 медаль

Олимпиаданың үшінші күні Қазақстан қоржыны үшінші медальмен толықты. Ауыр атлетикадан 62 келіге дейінгі салмақта өнер көрсеткен Фархад Харки қола жүлдеге ие болды. Ал шаршы алаңға шыққан үш бірдей боксшымыз ширек финалға шықты.

49 келідегі Біржан Жақыпов алғашқы кездесуін намибиялық Маттиас Хамуньелаға қарсы өткізді. Үш раундта да отандасымыз қарсыласынан басым екенін көрсете білді. 75 келі салмақтағы Жәнібек Әлімханұлы бірінші раундта тең дәрежеде өнер көрсетіп, екінші раундта британиялықты нокдаунға жіберді. Ал 91 келідегі Василий Левит екінші раунда-ақ қытайлық қарсыласы Юй Фэнкайды техникалық нокаутпен жарыс жолынан тайдырды.

Сонымен, Рио Олимпиадасының үшінші күнінің қорытындысы бойынша 5 алтын, 7 күміс, 7 қола медальмен АҚШ көш бастап тұр. Екінші орында 5 алтын, 3 күміс, 5 қоламен Қытай, үздік үштік елдер қатарын  4 алтын, 3 қола медальмен Австралия тәмамдап тұр. Қазақстан 1 күміс, 2 қоламен жалпы есепте 25-ші орынға тұрақтады.

Бүгін 63 келіге дейінгі салмақ дәрежесіндегі дзюдошы Мариан Урдабаева мен 63 келіге дейінгі дәрежедегі ауыр атлет Карина Горичева медальдарға таласады. Сонымен қатар, Олимпиада финалисі Дмитрий Баландин жүзудің брасс дисциплинасында жарыс жолына шығады. Сондай-ақ академиялық ескек есу бойынша жартылай финалға ерлер арасында Владислав Яковлев, әйелдер арасында Светлана Германович өнер көрсетеді. 

Берік ХАСЕНОВ