Спорт Қазақстан
$443.44 €480.51 ₽4.88
×

Сайлау учаскеңізді қалай анықтауға болады?

20.02.2023ж. 20:00
1744
Сайлау учаскеңізді қалай анықтауға болады?

Саяси науқанға бір ай уақыт қалды. Ал сіз сайлау учаскеңізді білесіз бе? Оны анықтау үшін не істеу керек? Тілшіміз Аружан Серік түсіндіреді.

Егер сіз, Қазақстан азаматы болып, сайлауға дейін 18-жасқа толсаңыз, дауыс беру құқығы бар азамат ретінде өз дауысыңызды бере аласыз. Ол үшін алдымен, сайлау учаскеңізді анықтап алу керек. Оны үйден шықпай-ақ, онлайн түрде 4 жолмен білуге болады. Біріншіден, sailau.astana.kz сайтына кіріп, жеке сәйкестендіру нөмірін енгізу арқылы; екінші тәсіл - @sailau_astana_bot телеграм каналы. Мұнда сайлау құқы бар азаматқа қажетті ақпарат жетерлік. Сондай-ақ IKomek бірыңғай байланыс орталығының 109 нөмеріне қоңырау шалып, оператордан өзіңізге қажетті барлық ақпаратты ала аласыз. Және «Smart Astana» мобильді қосымшасын жүктеу арқылы да учаскені анықтауға болады.

Аружан ҒАЛЫМЖАНҚЫЗЫ, ТІЛШІ:

Мен үшін бірінші тәсіл ыңғайлы болғандықтан, әкімшілік сайтына кірдім. Жеке сәйкестендіру нөмірімді енгізіп, табу батырмасын басып едім, дауыс беретін сайлау учаскемнің нөмері мен мекенжайы шықты.

Міне, өздеріңіз көріп отырғандай, мектептің сыртында сайлау туралы хабарландыру ілінген. 19 наурыз күні өзге сайлаушылармен қатар мен де осы жерге келіп, өз таңдауымды жасаймын.

Бір ескере кететін жәйт бар. Астана қаласында тіркелмегендерге сайлау учаскесі көрсетілмейді. Егер сіз Елордада тұрасыз, бірақ басқа қалада тіркелген болсаңыз, онда арнайы мекеменің көмегіне жүгіну керек. Мекенжай мәліметтерін тіркеу, түзету және тексеру үшін egov.kz электронды үкімет порталының «Азаматтық, миграция және иммиграция», «Халықты тіркеу және тіркеу есебінен алып тастау» бөліміне немесе «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясына хабарласқан жөн.