Спорт Қазақстан
$448.89 €477.93 ₽4.76
×

Рельстен шығып кеткен Бішкек-Самара пойызы қайта аттанды

AstanaTV
05.03.2023ж. 18:49
977
Рельстен шығып кеткен Бішкек-Самара пойызы қайта аттанды

Ақтөбенің Біршоғыр бекетінде рельстен шығып кеткен жолаушылар пойызы жөндеу жұмыстарынан соң қайта қалпына келтірілді. Пойыз Самараға қарай бағыт алды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Бүгін Ақтөбе облысы Шалқар ауданы Бершүгір стансасында жолаушылар пойызы мен маневр тепловозы соқтығысқан болатын. Таңғы сағат 10:20-да тоқтаған пойыз қайта жолға шықты. Ақтөбе облысы әкімі баспасөз қызметінің хабарлауынша, Бішкек-Самара бағытындағы пойыз сағат 16:00-ден кейін аттанды.

«Аталған оқиға Қандыағаш стансасындағы Желілік полиция бөлімінің сотқа дейінгі тергеп-тексеру бірыңғай реестріне алынды. Іс Қылмыстық Кодекстің 344-бабы 1-бөлігімен қозғалды, яғни теміржол көлігі жүрісі немесе оларды пайдалану қауіпсіздігі қағидаларын бұзу бойынша тіркелді», - деп хабарлады Көліктегі ПД баспасөз қызметі.

Еске салсақ, Ақтөбе облысы әкімі баспасөз қызметінің хабарлауынша, аймақ басшысы Ералы Тоғжанов теміржолдағы апаттан кейінгі жағдайды бақылауына алып, жолаушыларға көмек көрсетуді тапсырды.

«Оларға ыстық тамақ жеткізілді. Дәрігерлер де жолаушыларды қарап шықты. Ешкім зардап шеккен жоқ. Оқиға орнына жөндеу, қалпына келтіру жұмыстарын атқаратын пойыз жетті. ТЖД мен «Қазақстан темір жолы» ҰҚ» АҚ қызметкерлері бірлесіп жұмыс істеп жатыр. Апаттың себебін арнайы комиссия анықтайды», - деп хабарлады облыс әкімінің баспасөз қызметі.