$494.87 €520.65 ₽4.91
×

Солтүстік Қазақстан облысында білім күні ашылған мектептің құрылысы әлі бітпеген

AstanaTV
06.09.2016ж. 20:00
2722
Солтүстік Қазақстан облысында білім күні ашылған мектептің құрылысы әлі бітпеген

Биылғы оқу жылы есігін айқара ашқан Солтүстік Қазақстанның Бәйтерек ауылындағы мектепте құрылыс жұмыстары әлі жалғасып жатыр. Аймақтағы тілшілеріміз, жаңа білім ордасында спортзал, асхана, кітапхана, тіпті жылу беретін орындардың әлі дайын емес екенін, көріп қайтты. Мектептің екінші қабатында құрылыс жүріп жатса, бірінші қабатта 300-дей оқушы білім алуда. Ал, жергілікті атқамінерлер барлық олқылықтың орнын толтыруға уәде етіп отыр. 

Бәйтерек елді мекені 7 жылдай бұрын оралмандарға арнап салынған. Балалар көрші ауылға қатынап оқып келген еді. Білім ошағына облыс қазынасынан 825 миллион теңге бөлініп, құрылысы өткен жылы басталды. Жаңа мектеп биылғы оқу жылында салтанатты түрде ашылды. Бірақ әлі кем-кетігі тым көп.

Жанат Сағынаев, Бәйтерек ауылдық мектебі директорының шаруашылық бойынша орынбасары:

Мектеп жаңа болғаннан кейін бояудың иісі шығады. Әлі де болады. Мен сіздерге дайын сыныптарды көрсетіп жатырмын. Балалар ішінде оқып жүр. Бәрі дайын.

Мектепке қабылданған 302 оқушы тамақты өздерімен әкеліп жүр. Себебі білім ошағының асханасы әлі ашылған жоқ. Ас бөлмесі қажет қондырғылармен қамтылғанымен, мектеп басшылығы оны жеке кәсіпкерге тапсырып үлгермеген.

Ақмарал Нұрахметова,  асхана меңгерушісі:

Мен ішінде бірге жүремін. Өйткені қарап жүрмін, қалай істейді, қалай қояды. Сосын қарау керек қой, жұмысты істегеннен кейін. Әлі ешкім тапсырған жоқ. Қалай тапсырады, солай ашамын.

Мектепті жылумен қамтамасыз ететін қазандықтар да салынып жатыр. Қазір көмір қоймасының құрылысы қызу жүруде. Мердігерлер, салқын түскенде мектептегі құбырлар қатып қалмайды, деп уәде етіп отыр. Айтуынша, нысанның дер кезінде тапсырылмауына ауа райының қолайсыздығы әсер еткен. 

Николай Кушманов, учаске басшысының міндетін атқарушы:

Балаларға кедергі жасамай, ақырын жұмыс істеуге тырысамыз. Алдағы күндері қазандықты бітіреміз. Кейін салқынды күтпей, жылу береміз. Мектеп ішіндегі сырланған қабырғаларды кептіру керек.

Жергілікті билік өкілдері барлық жұмыстың жуырда бітеріне сенімді. Қазір мектептегі кемшіліктерді жоюға 3 бригада  жұмылдырылған. Төртіншісі түнгі ауысымда іске кіріседі.

Мара Жұмабаева, СҚО Қызылжар ауданы әкімінің орынбасары:

Әзірге тек ауланы абаттандыру жұмыстары қалды. Қазір мектеп директоры ресми түрде жұмысқа алынды. Қазір өзге мамандарды рәсімдей бастаймыз. Облыстық бюджеттен жалақыға 30 млн теңге бөлінді. Кейін мектеп аудандық бюджетпен қаржыландырылады.

Ал жобаға тапсырыс берген облыстық құрылыс басқармасы өкілінің айтуынша, мердігерлер білім күні қарсаңында нысанды тапсырған болатын. Алайда, артынша олқылықтар табылып, билік өкілдері құрылысшыларды қайта шақыртқан.

Серік Мұхамедиев, СҚО құрылыс басқармасының басшысы:

Аудандық білім бөлімі басшысымен бірге мектепті қайтадан қарап шықтық. Кей жерлерге көңіліміз толмады. Атап айтқанда, электрсымдарын басқаша жалғау керек болды, мектептің шетінде тас тақтайшалары құлап қалған, дәретхананың кафелі дұрыс қаланбаған. Осы тұстарды қайта жөндеуді өтіндік.

Сөйтіп, атқамінерлер бір аптадан соң мектептегі бүкіл шикіліктер жойылып, жылу жүйесі де маусымға сақадай сай болады, деп сендіріп отыр. 

Абзал ҚҰРМАНКИН