$498.51 €522.84 ₽4.81
×

"Қоғамдық-гуманитарлық бағыттағы республикалық олимпиаданың форматы қайта қаралады", - Ш. Қаринова

24.03.2023ж. 20:00
1116
"Қоғамдық-гуманитарлық бағыттағы республикалық олимпиаданың форматы қайта қаралады", - Ш. Қаринова

Шымкентте олимпиадаға келген оқушылардың жаппай ауруханаға түсуіне байланысты өңірде жедел штаб құрылды. Мамандар 15 баланың бір мезетте ауруына нақты не себеп болғанын анықтап жатыр. Сараптама нәтижесі қашан шығады? Балалардың қазір жағдайы қалай? Өңірден- Айзада Төребекқызы.

Шымкенттегі жұқпалы аурулар ауруханасында жатқан 15 баланың 10-ы Қостанай облысының оқушылары. Өзгесі Алматы, Астана мен Қызылорда облысынан келген. Барлығы жүрек айну, құсу, іш өту, бас айналу белгілермен ауруханаға жеткізілген.

Инна ГЛАЗЕБНАЯ, ҚАЛАЛЫҚ ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БӨЛІМ БАСШЫСЫ:

Қазіргі таңда балалардың жағдайы бірқалыпты. Дене қызулары қалыпты. Шағымдары жоқ. Әзірге барлығы тиісті ем қабылдап жатыр. Балалар әртүрлі тағамдар жегендерін жеткізді. Кейбірі фаст фуд секілді жылдам әзірленетін тағамдар жесе, кейбірі асханада тамақтанған. Жолда пойызда да, қалада да түрлі тағамдар жеген. Нақты неден өздерін жайсыз сезінгені сараптама қорытындысынан соң белгілі болады.

Ал ауруханаға түскен балалардың біріне желшешек диагнозы қойылды. Дәрігерлердің дерегінше, шығысқазақстандық оқушының алдымен қызуы көтеріліп, екі күннен соң денесінде бөртпелер пайда болған. Қазір оның да жағдайы тұрақты, температурасы қалыпты, - дейді.

Айта кетейік, еліміздің әр өңірінен 891 оқушы Шымкентке жаратылыстану-математикалық пәндер бойынша республикалық олимпиадаға қатысу үшін келген. Олар үш мекен-жайға орналастырылған. Ұшынған балалардың барлығы бір жатақханада жатқан, - дейді «Дарын» республикалық ғылыми-практикалық орталығының директоры.

Гаждембек ТҰРСЫНОВ, «ДАРЫН» РЕСПУБЛИКАЛЫҚ ҒЫЛЫМИ-ПРАКТИКАЛЫҚ ОРТАЛЫҒЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ:

Осы мәселе басталғаннан бастап министрлікпен осы жерде жұмыс штабы құрылды жұмыс тобы. Қазір осындай анықталу мәселелері жүргізіліп жатыр. Яғни мүмкіндікті туғызып жатқан не болмаса бір кінәлі адамдар болатын болса міндетті түрде жазаланатын болады.

Санэпидемиологтар бірнеше жерден сынама алған. Әзірге тексеру қорытындысы шыққан жоқ. Оқушылардың нақты неден ұшынғаны ертең белгілі болмақ. Оқу-ағарту бірінші вице-министрі Шолпан Каринова бұл жағдайға қатысты мәлімдеме жасап, олимпиаданың өту форматы қайта қаралатынын жеткізді.

Шолпан ҚАРИНОВА, ҚР ОҚУ-АҒАРТУ БІРІНШІ ВИЦЕ-МИНИСТРІ:

3-8 сәуір аралығында Шымкентте өтетін қоғамдық-гуманитарлық бағыттағы республикалық олимпиаданың форматы қайта қаралады. Ол аймақтарда өтеді. Министрліктің құрылымдық бөлімшелері мән-жайды анықтау және олимпиаданы одан әрі өткізу бойынша кешенді жұмыстарды жалғастыруда. Жағдай Білім министрінің жеке бақылауында.

Айзада ТӨРЕБЕКҚЫЗЫ, ТІЛШІ:

Ал олимпиадаға кеп ауруханадан бір-ақ шыққан балалардың жарыс нәтижесі қалай болатынын қазылар алқасы шешеді. 1- турға қатысып үлгерген оқушылардың еңбегі ескерусіз қалмайды дейді жауаптылар.