$498.34 €519.72 ₽4.85
×

«Инклюзивті спорт үшін маңызды жеңіс»,-М.Әшімбаев

AstanaTV
30.03.2023ж. 17:49
867
«Инклюзивті спорт үшін маңызды жеңіс»,-М.Әшімбаев

Қазақстан бочча федерациясы ресми түрде Boccia International Sports Federation (BISFed) – Халықаралық бочча федерациясының мүшесі болды. Бұл – зор жетістік. Өйткені аталған федерацияға мүше болу ерекше қазақстандық спортшылар үшін жаңа мүмкіндіктерге жол ашады. Енді отандық федерацияның өкілдері бочча бойынша челленджерлер, әлем чемпионаттары, Паралимпиада ойындары, Азия паралимпиада ойындары сияқты халықаралық жарыстарға қатыса алады.

Биыл, яғни 2023 жылы Қазақстан бочча федерациясы Қазақстан ұлттық құрамасының 8 мүшесіне үш халықаралық жарысқа, нақты айтқанда, екі халықаралық челленджерге және Азия паралимпиада ойындарына қатысуға өтінім беруді жоспарлап отыр. Азия Паралимпиадасы 2023 жылдың қазан айында Қытайда, ал Паралимпиада 2024 жылы Парижде өтеді.

«Бұл – инклюзивті спорт түрлерінің дамуына мүдделі кез келген адам үшін үлкен жеңіс. Осылайша, мүгедектігі бар спортшыларға жаңа мүмкіндіктер туып отыр. Біздің жарыстарымызға көбіне ерекше балалар қатысады. Енді олардың алдында жаңа мақсаттар мен міндеттер пайда болды. Сондай-ақ жас спортшылар үшін бұл ортаға бейімделуге, дос табуға және жаңа тәжірибе алуға зор септігін тигізеді. Халықаралық федерацияға мүше болу біздің ерекше спортшыларымыздың деңгейі мен еңбегінің әлемдік деңгейде мойындалуы екені сөзсіз», – деді ҚР Парламенті Сенатының Төрағасы және Қазақстан бочча федерациясының президенті Мәулен Әшімбаев.

Айта кетейік, биыл маусым айында Қазақстан бочча федерациясы боччадан Қазақстан чемпионатын өткізеді. Соның нәтижесін бойынша Қазақстан құрамасы жасақталады.